Жаңалықтар

Еріктілер көмек көрсетті

Биылғы жылы Қарағанды облысында Наурызды тойлау «Қайырымды Ұлт» қайырымдылық акциясымен тоғысты. 19-23 наурыз аралығында әлеуметтік осал топтарға жататын өңір тұрғындарына 1755 азық-түлік жиынтығы таратылып, еріктілер жалғызбасты тұрғындарға әртүрлі көмек көрсетті.

Жаңаарқа ауданында 500-ге жуық отбасы азық-түлік алды. Жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдары 3 миллион теңгеге демеушілік көмек көрсетті.

Приозерск қаласында салмағы 12 келі болатын 300-ден астам азық-түлік себеті таратылды.

Сондай-ақ, Наурызды тойлау кезінде орталық алаңда қала тұрғындары үшін тегін дастархан жайылды. Тұрғындар үшін мың келі палау, 600 литр наурыз көже, 180 келі бауырсақ дайындалды.

Әлеуметтік қорғалатын санаттағы Балқаш тұрғындарына 297 азық-түлік жиынтығы мен тәтті сыйлықтар табыс етілді. Демеушілер «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС, «Сары-Қазына» және «Балқаштүстімет» кәсіпорындары болды. Сондай-ақ, қалада жалғыз басты қарт адамдарға, мүгедек балаларға, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған қайырымдылық түскі ас өткізілді. Акцияны 15 дәмхана, мейрамхана және дүкендер қолдады.

Осакаров ауданында 136 азық-түлік себеті таратылды. Ал Абай ауданында – 200 жиынтық. Демеушілер – жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілері. Стандартты азық-түліктерден басқа, олар тұрғындарды өз егістіктерінен жинаған көкөністермен қамтамасыз етті.

Сондай-ақ акцияға Nura Arnasy тобының еріктілері қосылды. Олар 30-дан астам азық-түлік жиынтығын табыстады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанған көп балалы әйелдерге 18 қап картоп таратты.

Қарағандыда Жастар ресурстық орталығының еріктілері 35 азық-түлік себетін алып, мереке күндері теміртаулықтармен бірге екі қала тұрғындарына бауырсақ таратты.

– Біздің еріктілер жыл сайын түрлі акцияларға қатысып, тұрғындарға көмектеседі. Олар мұқтаждарға азық-түлік жиынтықтарын жеткізуге жұмылдырылды. Сондай-ақ, жалғыз басты қарт тұрғындарға шаруашылық бойынша көмек көрсетіледі, қар тазаланады, отын дайындалады және басқа да мәселелерде қолдау көрсетіледі, – деп атап өтті Қарағанды Жастар ресурстық орталығының директоры Якуб Джамалов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button