Кішкентай «полицей»

Әлеуметтік желіде балақайдың полицей киімін киіп, таяқ ұстап, жолаушыларға жолдың жабық екенін ескерткен видеосы кеңінен тарады. Көрген жұрттың сүйіспеншілігіне бөленді. Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылының 5 жастағы тұрғыны Бақдаулет АҒЗАМОВ есімді балақайдың арманы – жол патрульдік полиция қызметкері болу екен. «Полицей» бала кешелі бері әлеужелінің жас жұлдызына айналып шыға келді.

Арқада мейрам күндері ақтүтек боранның әлек салғанын білесіздер. Жол бағыттары жабылды. Ақсу-Аюлы ауылының Қарағандыға қарай жолында да жол-патрульдік полиция қызметкерлері тәртіпті қатаң бақылады. Үлкен магистраль болғандықтан біршама көлік жиналып қалған.

23 наурыз күні Бақдәулет Думанұлы жолдың бері жақ шетінде таяғын шыр айналдырып, жолдың жабық екенін жеткізіп тұр жолаушыларға. Қолында қызметін растайтын қызыл түсті «куәлігі» бар. 5 жастағы баланың мұнысын қызық көрген желі қолданушылардың бірі видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеп жіберген.
Бақдаулет биыл 1-сыныпқа барады. Үстіндегі формасын, таяғын, қызметтік құжатын ата-анасы дүкеннен сатып беріпті. 3 жасынан бастап жол полицейі болуды армандапты.
– Біздің отбасымызда полиция қызметкері жоқ, туыстары да құқық қорғау органында қызмет етпейді. Бірақ, ұлым 3 жасынан бастап полиция қызметкері болғысы келетінін жиі айтатын. Бұл мамандыққа деген махаббаты соншалық полиция туралы әнді де үйреніп алған. Біз ұлымыздың арманы үшін бәрін жасаймыз. Формасын, таяқшасын, куәлігін сатып бердік. Бақытымызға орай, мұның бәрі дүкенде бар, – дейді әкесі Думан Ағзамов.
Әкесі сол күні ұлының көшеде ойнап жүргенін айтады. Дегенмен, жолға шықпау керектігін ескерткен. Бала деген сол ғой, арманындағы мамандыққа сол күннен бастап бел шеше кірісіпті Бақдаулет. Ал, үй іші әлеуметтік желіге әп-сәтте шығып кеткен ұлының видеосын жан-жақтағы туысқандары түрлі сілтемелер жіберген соң ғана көріп, аң-таң болыпты.

Желіде кең таралған видеодан соң Ағзамовтардың үйіне Шет аудандық полиция бөлімінің бастығы Мадияр Менисов арнайы барыпты. Бала полицейді ертіп алып, патрульдердің жұмысын көрсетіп, бөлімшенің ішін аралатыпты. Бақдаулетке естелік сыйлық табыстапты.
– Болашақта тек сәттілік тілеймін. Үлгілі полицей болу үшін сабақты жақсы оқып, тәртіпті болу керек. Ата-анаңның тілін алуың керек. Сенен үлкен азамат өсіп шығатынына сенім білдіремін. Бастысы – еліңе, халқыңа адал қызмет ет. Жоқ дегенде мен сияқты полковник бол, – деп ақ жол тіледі бала полицейге полковник Мадияр Менисов.

Жасыратыны жоқ, қазір балалардың дені мектеп бітіретін кезде ғана мамандық таңдап жатады ғой. Бала полицейдің мұнысы басқа да балаларға үлгі болатын секілді. Әлеуметтік желінің жұлдызы боп шыға келген Бақдәулеттің бағы жансын дейік. Тіл-көзден сақтасын деп тілейміз.

Қасымхан ҒАЛЫМ.