Жаңалықтар

Кел, төрлет, әз-Наурыз!

Елдегі ахуалға байланысты наурыз мейрамын тойламағалы екі жылдан асып кетіпті. Биыл соққан дауылға, күшейген аязға қарамастан қарағандылықтар ұлы мерекені бір кісідей жұмылып қарсы алды. Ұлттық киімдерімізді, тағамдарымызды ұлықтап, 12 қанат киіз үй тікті. Дәстүрімізді дәріптеп, бір-бірімен көрісіп, төс қағысып жатты. Осы қуанышты сәтке облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК те ортақтасып, түрлі экспозициялардың куәсі болды.

Орталық саябақта облыстық басқармалар, жоғары оқу орындары, банктер мен ірі кәсіпорындар 16 киіз үй тігіп, дастархан жайды. Алтыбақан орнатты. Дастарханға ұлттық тағамдар қойылып, қала тұрғындарына үлестірілді. Құмай тазысын жетектеген аңшылар, қыран бүркітін әкелген бүркітшілер мерекенің сәні болды. Күмбірлеген домбырадан күй төгіліп, жырдан шашу шашылды. Қолөнершілер де туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Киіз үйлердің ішінде тоғызқұмалақ, шахмат сынды ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.

Көл жағасында құрылған сахнада мерекелік концерт өтті. Қаламызға белгілі әншілер ән шырқап, бишілері мерекелік көрініс қойды. Салтанатты шараның басты қонағы ретінде «МузАрт» тобының солисі Кенжебек Жанәбілов шақырылып, қарағандылықтардың мерейін өсірді.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты спорттың бірнеше түрінен өтетін сайыстар «Жастар» спорт кешеніне ауыстырылды. Мұнда қазақша күрес, карате, кикбоксинг, бокс, дзюдо, самбо және семсерлесумен айналысатын жас спортшылар бәсекеге түсті. Спорт әуесқойлары кір тасын көтеріп, арқан тарту, асық ату сайысынан шеберліктерін көрсетті.

Ербол ЕРБОЛАТ. 

Басқа материалдар

Back to top button