Ғалымға құрмет – ұрпаққа міндет
Қарағанды техникалық университетіне Әбілқас САҒЫНОВТЫҢ есімін беруге арналған салтанатты іс-шаралар өткізілді. Оған академик Ә.Сағыновтың туыстары, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, Директорлар кеңесінің мүшелері мен университет ардагерлері, көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары қатысты.
Күннің бірінші жартысында «Ғылым, білім жəне өндіріс интеграциясы – Ұлт жоспарын іске асырудың негізі» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының Пленарлық отырысында XIV Сағынов оқулары өтті. Онда Ұлыбритания, Израиль, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындары мен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының ғалымдары мен мамандары баяндама жасады.
Отырыс аяқталған соң, академик Ә.Сағыновтың рухына тағзым етіліп, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Бұдан кейін жиылған көпшілік университеттің ғылыми кеңесінің салтанатты кеңейтілген отырысына қатысты. Мұнда Парламент Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Е.Қошановтың, Премьер-Министр орынбасары Е.Тоғжановтың, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың құттықтау хаттары оқылды.
Білім ордасының атына құттықтаулармен Парламент Сенатының депутаты Р. Әбдікеров, Парламент Мәжілісінің депутаты А.Әлтаев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ҚарПТИ 1985 жылғы түлегі В.Басин, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева, ҚР Бірінші Сыртқы істер министрі, ҚР әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Т.Сүлейменов, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Н.Дулатбеков, Қарағанды медицина университеті ректорының міндетін атқарушы А.Тұрмұхамбетова, Қар-ТУ Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры Т.Ынтықов, академик Ә.Сағыновтың немересі – Асқар Сағынов сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
«Әбілқас Сағыновтың Қарағанды техникалық университетінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі» тақырыбындағы ректордың баяндамасынан кейін бейнефильм көрсетіліп, Ұлттық Ғылым Академиясынан, Ішкі істер министрлігінен, QS халықаралық рейтинг агенттігінен, шетелдік және отандық жоғары оқу орындарынан, ҒЗИ-дан, ірі өнеркәсіптік өндірістік кәсіпорындардан, қоғамдық ұйымдардан университетке келіп түскен 150-ден астам құттықтау жеделхаты мен сәлемі ел назарына ұсынылды.
– Университетке Әбілқас Сағыновтың есімін беру – біздің отбасымыз үшін өте маңызды оқиға. Біз жоғары оқу орнының басшылығы мен ұжымына әкеміздің ғылыми мұрасын сақтап, құрметтегені үшін алғысымызды білдіреміз. ҚарТУ-де жыл сайын Сағынов оқулары өткізіледі. Талантты жастарды қолдау үшін оның атындағы ректорлық стипендия тағайындалды, тау-кен факультетінің ғимаратында мемориалдық тақта, ал бас ғимараттың алдында ескерткіш орнатылды. Әкем өз өміріндегі басты міндеттердің бірі – ғылым мен Қазақстанның жоғары мектебін дамыту деп санады. Ол ұжымымен бірге политехникалық институтты еліміздегі ең үздік жоғары оқу орнының біріне айналдырғанын мақтан тұтамын, – деді ғалымның ұлы Ниязбек Сағынов.
Бүгінде академик Сағыновтың шәкірттері Қарағанды «Политехінің» сұранысқа ие мамандарын дайындауда Даңқты дәстүрлерді жалғастырып, ғылымды қажетсінетін технологияларды әзірлеу және практикаға енгізу, заманауи ғылыми-білім беру инфрақұрылымын дамытуда, ЖОО-ның жетекші техникалық университет ретінде ұлттық және халықаралық танылуында жаңа биіктерге қол жеткізе отырып, ол бастаған істі табысты жалғастырып келеді.
Жоғары оқу орны университеттердің ең беделді әлемдік рейтингінің бірі – QS World University Ranking рейтингінің ТОП – 751+ құрамына кіреді.
БСҚА тәуелсіз агенттігі өткізген Қазақстанның үздік ЖОО-ның ұлттық рейтингі-2021 қорытындысы бойынша техникалық ЖОО арасында II орынға ие болды.
2020 жылы Қарағанды техникалық университеті ғалымдарының шығармашылық тобы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болғанын да атап өткен жөн.
– Әбілқас Сағынов көрнекті қоғам және ғылым қайраткері ғана емес, сонымен қатар, біздің университеттің негізін қалаушы. 1955 жылы сол кездегі тау-кен институтының ректоры болған ол бүкіл өмірін оның дамуы мен қалыптасуына арнады. 30 жылдан астам уақыт ішінде университет өзінің дана басшылығымен білікті кадрларды даярлауда елеулі табыстарға қол жеткізді және жетекші жоғары оқу орындарының құрамына кірді. Қазіргі уақытта ЖОО алдына техникалық білім беруді дамыту бойынша жаңа міндеттер тұр. Бүгін біздің университет оларды лайықты орындайды деп сеніммен айта аламыз, – деп атап өтті университет ректоры Марат Ибатов.
Университеттің осы және басқа да көптеген жетістіктерінің іргетасын – қуатты ғылыми-білім беру базасын, жоғары зияткерлік әлеуетін, өндіріспен тығыз байланыс және қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін, академик Ә.Сағынов салған.
69 жылдық тарихында университет 100 мыңнан астам жоғары білікті мамандарды дайындады және өзінің алдағы 70 жылдық мерейтойын Әбілқас Сағыновтың атына лайықты жаңа жетістіктермен қарсы алуға дайын.
Жәлел ШАЛҚАР.