Ресми

Жастармен жүздесу

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру мақсатында онлайн-конференция форматында кездесу өткізді. Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ қатысуымен өткен келелі кездесуде көпшілік көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алды.

Шараға жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттар мен белсенді жастар қатысты. Кездесу барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Жастар» ғылыми-зерттеу институтының директоры Аян Сакошев Президент Жолдауына қатысты ойымен бөлісті. Жолдаудың негізгі бағыты мен нақты іс-қимылына терең тоқталып, ұсыныс пікірін білдірді.

– Еліміз еңсесін тіктеп, өзге мемлекеттермен иық тірестірсе – ол ең алдымен ымыралы ынтымақ, бірлік пен бейбітшіліктің арқасы деп білемін. Бүгінгі жас буын осы қастерлі ұғымдар айналасында жиірек ойланса құба-құп болар еді. Мемлекет басшысы жолдауында мемлекетті жан-жақты дамыту бағытында сан қырлы салалар бойынша кешенді, түбегейлі мәселелер қозғап, олардың нақты шешімдерін айтты. Мемлекеттік басқару, экономика, инфрақұрылым және тағы басқа салалар бойынша тың бастамалар көтерілгеніне куә болдыңыздар, – деді Абзал Нүкенұлы.

Президент Жолдауында жастарға тікелей қатысы бар ғылым-білім, жаңа технологияларды меңгеруге баса назар аудару керектігін айтқан еді. Бүгін де айтылған мәселе облыс жастарына қанат бітіріп, қызығушылығын арттыруда. Жастар үшін облыста жоғары оқу орындары жанынан зияткерлік клубтар құрылып, IT-технологиялар, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыт бойынша жұмыс жасап келеді. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі IT-форум дәстүрлі түрде өткізілуде. Отандық ғылымды дамыту мақсатында «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін жас ғалымдарға 1 мың грант бөлінетін болады.

Президент қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді саралап, одан шығар жолды мұғдарлап берді. Ендігі кезек – сіз бен біздікі. Жұдырықтай жұмылып, бірігіп тізе қосып, үлкен бастамаларды жүзеге асыруымыз қажет. Осы жолда әр қазақстандық өзіндік үлес қосады деген сенімдеміз.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button