Педофилиямен күрес неге нәтижесіз?
Педофилиямен күресті күшейту туралы «Балалар жылы» жарияланбастан бұрын айтылып еді. Заңның жаңа нормаларына сәйкес, орташа ауырлықтағы зорлық-зомбылық қылмысы ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. 14 жасқа толмаған балаларға жасалған зорлық үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы қамау жазасы көзделеді. Одан бөлек, педофилия фактілерін жасыру, бұрмалау үшін де жауапкершілік бар. Ол үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Алайда, заң күшейтілгенімен, балаларға қатысты қылмыс көбейіп барады. Содан кейін педофилиямен күрес неге нәтижесіз деген сұрақ туындайды.
Зорлық – табу тақырып
Азғындықтың көбейіп, қылмыскерлердің жазадан құтылып кетуіне әсер ететін бірнеше мәселе бар. Психолог Мария Эрлихтің ойынша, бұл – тақырыптың жабық, тыйым салынғандығы, қоғам пікірінен қорқып, айтуға қорқу, ата-ананың сенбеуі және зәбір көрген жанның жағдайына баға беретін психолог мамандардың біліктілігінің төмендігі.
– Бұл тақырып – табу. Ондай жағдай болса, ол туралы айтуға қорқады. Балаларды қорқыту оңай ғой. Екінші жағынан балалар үлкендердің, әсіресе, жақын адамдарының тарапынан қорлық көрсе, бұл әрекеттің мәнін толық түсінбей, оны қалыпты деп қабылдауы да мүмкін. Дегенмен де, мұндай жағдай қай жаста болса да психологиялық із қалдырады. Оны психологтар анықтай білуі тиіс, – дейді М.Эрлих.
Мұндай жауыздық әлі де жасалып жатса ше? Отбасы білсе де, «бас сынса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп, елдің сөзінен қашып, жабулы қазанды сол күйі қалдырған қаншама жағдай болуы мүмкін. Көп жағдайда мамандар балаға зәбір көрсетуші оның жақыны болып шығатынын айтады. Ең қорқыныштысы да осы. Баланың ата-анасының достары, жақын араласатын көршілер, таныстар, анасының бірге тұратын адамы, өгей әкесі, тіпті, туған әкелердің де осындай айуандыққа баратынын деректер дәлелдеп тұр. Жыл басынан бері облыста орын алған осындай 8 қылмыстың жартысын өгей әке, үшеуін отбасының достары, біреуін – таныс адам жасаған. Баланың білетін, сенетін адамы қылмыс істеп, оны ешкімге айтпа десе, қорқытса, бала қайдан айтсын?
Қорқынышты статистика
Өткен жылдың қорытындысын алдыңғы жылмен салыстырғанда кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар Қарағандыда 82%-ға, Теміртауда 50%-ға, Сәтбаевта 45,5%-ға, Балқашта 200%-ға, Абай ауданында 50%-ға өскен. Сонымен қатар, Жезқазғанда 6 есе, Қаражалда 3 есе, Осакаров ауданында 8 есе артқан. Бұл деректерді кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қуаныш Зарубаев айтты.
– Қылмыстардың басым бөлігі – 16 жасқа толмаған жасөспірімдермен жыныстық қатынасқа түсу. Оның жартысы денсаулық сақтау мекемелерімен мәліметтерді салыстыру кезінде анықталды. Мысалы, өткен жылы деректерді салыстыру арқылы 17 осындай жағдай анықталды. Биыл 8 жағдай тіркелді. Көбісі Қарағанды мен Сәтбаев қаласында. Былтырдан бері аталған екі қалада осы сипаттағы қылмыстар артып келеді. Яғни, осы аймақтарда қылмыстың алдын алуға бағытталған қосымша шараларды қабылдау қажет, – деді Қ.Зарубаев.
Құқық қорғаушы бұл қылмыстар жасырын жасалатынын айтып, басқа да ведомстволармен ортақ жұмыс жүргізу қажеттілігіне назар аударды.
Ведомстволардың жүйесіз жұмысы да азғындықпен күрестің нәтижесіз болуының бір себебі. Құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік көмек салалары бұл мәселеде ортақ мүдде үшін жұмыс жасауы керек. Полиция білмегенді күнде алдында көріп жүрген педагог байқауы мүмкін. Уақытында дабыл қағылса, қылмысты ашып, баланы қорлықтан құтқаруға болады.
– Қазір өңірдің барлық оқу орындарында әлеуметтік қорғалмаған, толық емес отбасылардан шыққан және өгей әкесімен бірге тұратын балалардың тізімі жасалған, – деді Қуаныш Зарубаев. – Бізде бар дерек бойынша облыста 1 879 отбасындағы 3 837 бала өгей әкенің тәрбиесінде. Полиция ол отбасылардың барлығын аралап, тексереді. Себебі, зорлық-зомбылық жасайтындар жақын адамдар болып шығады.
Халық жазаны күшейтуді сұрайды
Қазақстанда 2000 жылға дейін балаларға зорлық жасау деректері бойынша бас бостандығынан айыру мерзімі 3-5 жыл болған. Жаза 2010 жылы күшейтілді. Ол кезде ең ұзағы 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзім деп белгіленген. Қолданыстағы Қылмыстық кодексте 120-баптан («Зорлау») бөлек, «Сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» (121-бап), «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалды сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» (122-бап), «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» (124-бап) баптары бар. Жаңа кодексте көрсетілген ең қатал жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру. Негізі, бұл да аз. Дәл осы мәселеге келгенде халық өлім жазасын сұрайтыны өтірік емес. Екі жыл бұрын Сәтбаев қаласында бес жасар бүлдіршінді қорлағанда халықтың жаппай көшеге шығуы – бұл мәселенің соншалықты ушыққанын – бір, екінші жағынан сот жүйесіне деген сенімсіздікті көрсетті.
Негізі кейбір елдерде педофилдерді өлім жазасына кеседі. Мәселен, Қытайда педофилдің баланы зорлағаны дәлелденсе, бірден өлім жазасына кеседі. Иранда жұрт алдында дарға асады немесе атады. Мысырда да солай. Өлім жазасы Сауд Арабияда, Латын Америка, Оңтүстік Корея, Ирак пен Африканың бірқатар елдерінде қарастырылған.
Ел Конституциясында баланың құқығын ата-анасы, немесе заңды өкілдері қорғайды деп жазылған. Бірақ, көбіне балаға қарсы зорлықты дәл осы адамдар жасайды. Қорғаны болуы тиіс адамдардың қорлағаны – айтуға ауыз бармайтын қылмыстың ең үлкені, күнәнің зоры.
Жансая ОМАРБЕК.