Жадыны жаңғыртқан жәдігер
Қарсақбайда Қанышқа қатысты өткен-кеткенді қозғауға тамызыққа жарайтын жәдігер жеткілікті. Соның ішінде, академик атындағы музей-үйдің орны айрықша. Онда 3 мыңға жуық жәдігер: Қаныш пен отбасының жеке заты, тұтынған бұйымы мен кеңсе құралы, сирек кездесетін қолжазбасы мен еңбегі, тағы басқалары сақталған. 1928 жылы салынған екі пәтерлі еңселі үйдің бір басында 1941 жылға дейін отбасымен Қаныш Имантайұлы тұрды, екіншісінде, геологиялық кеңсе орналасты. Академиктің 70 жылдығына орай мемориалдық музейге айналған ол – жиі жолың түссе де жалықтырмайтын, рухыңды көтеріп, жандүниеңді жаңғыртатын айрықша әлем.
1. ҚАНЫШТАН ҚАЛҒАН «КӨЗ»
Ішкі құрылымы өзгертіліп, бес бөлмеге белгілі бір жүйемен жәдігер қойылған тарихи ғимаратты ел осылай әспеттейді. Өте орынды! Өйткені, онда басы артық дүние жоқ. Тіпті, Қаныштың түймесін қадаған тебенге дейін «тіл бітсе», талай сырды жайып салар түрі бар.
Академиктің өмірбаянын өрнектейтін жәдігер жинақталған бұрынғы «қонақ бөлме» Қаныштың тұңғышы Қанисаның естелігі негізінде, 1940 жылғы үлгімен қайта қалпына келтірілген. Өте қарапайым. Ел «голландка» атап кеткен темір пешті осы шаңырақта жатып оқыған бала біткен тақта қылып пайдаланған.
«Пештің қабырғасы біз үшін тақта қызметін атқарды. Мизюля (Қаныштың қызы Мейіз – авт.) сабақтан келген соң Мария Васильевна (мектептегі ұстазы – авт.) болады. Мектептен үйреніп келгенін 4-5 сағат маған осы тақтада үйретеді», – деп, болашақ инженер-геолог, бөлесі Л.Милеева (Таисияның сіңлісі Марияның қызы – авт.) еске алады. Жеті жасында нағашысы қолына алған Кемал Ақышев та мектепті Қарсақбайда бітірген.
Қазір «минераллогиялық кабинетке» айналған бір кездегі «жатын бөлмеге» «Менделеев таблицасын» толық қамтитын коллекция қойылған. Жезқазғанның мысы мен мырышы, Байқоңырдың көмірі, Ақтастың сутасы (хрусталь), Жездінің марганеці, Балқаштың бариты бірден көзге түседі. Ал, есепші, жоспарлаушы, жабдықтаушы отырған, батыл болжам жасалып, бүкіл аудан тағдыры шешілген аядай бөлме бүгінде Қарсақбай тарихына арналған.
«Қазақтың Қанышы» атанған академиктің жеке мүлкі геологтар кезінде «камералька» атаған, жұмысты жүйеге келтіріп, минерал өңдеген бөлмеге жинақталған. Ұлттық өрнекпен әдіптелген шапанына, қызметке киген костюміне қарап-ақ, иесінің қандай талғампаз болғанын байқау қиын емес. Қанекең темекі тартпаған, насыбай атқан. Шақшасы сол қалпы сақталған. Сапарға шыққанда қалдырмайтын көне шабаданы да осында.
Өзгермеген – қызмет кабинеті. Үйдің бұл басы геологиялық кеңсе болған кезде де Қанекең осында отырыпты. Қабырғада – көлемді геологиялық карта. Бір бұрышты ала жұмыс үстелі жайғасқан. Қасында – сызба үстелі. 100 жылдығы тойланғанда ғұлама ғалым 1929-1941 жылдары тұтынған жиһаз, кітап сөресі музейге қайтарылған. Қай затына қарасаң да, көзге жылы ұшырайды.
СУРЕТТЕРДЕ:
- Академиктің жұмыс үстелі.
- Сызба үстелі.
- Ғалымның жеке мүлкі.
Суреттерді түсірген
автор.
Әлібек ӘБДІРАШ