Жаңалықтар

Шыршаны қорғайық

Жаңа жыл жақындаған сайын облысымыздың әр жерінде қылқан жапырақты ағаш сатушылар көбейеді. Жаңа жылды орманнан келген әсем шыршамен қарсы алған әдемі дегенімізбен, жасыл желекті жаппай кесе берсек, орманға барынша зиян тигізетініміз анық. Осыны жақсы білетін Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай орманшылығының орман сақшылары шыршаны заңсыз отаудан қорғау шараларын жүзеге асыру мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Шырша ағашы баяу өсетінін көпшілік біле бермейді. Осыны ескермейтін адамдар көбіне енді-енді тамыр таратып келе жатқан жас қарағайларды кеседі. Ағашты бар болғаны Жаңа жылдық бір күнгі мерекенің сәнін кіргізу үшін ғана пайдаланып, содан кейін лақтырады. Осы орайда шыршаны аяусыз кесетіндердің назарына ескерте кетер бір жайт Қазақстан Республикасының заңдарында орман қорын күзету, қорғау, ормандарды молықтыру мен өсіру саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік белгіленген. Атап айтсақ, Жаңа жылды желеу етіп, қылқан жапырақтыларға балта сілтегендерге ел Үкіметінің қаулысына сәйкес шара қолданылады. Шырша-қарағайдың обалына қалған адамға айыппұл салынады. Орманға орасан залал келтірген жағдайда құқық бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Біздің орманшылар шыршаны заңсыз кесуден қорғау іс-шаралары барысында күн-түн демей қызмет атқарады. Ауданға қарасты елді-мекендерінде жаңа жылдық шыршаларды сатумен айналысатын сауда нүктелерін де аралап, рейд жұмыстарын да жүргізеді.

Жалпы, жасыл шыршамыз орманның сәнін келтіретін сұлу тіршілік иесі болғандықтан, оны заңсыз отауға тыйым салайық. Сұлу табиғатымыздың көркін келтірер қылқан жапырақты ағаштарды сақтау арқылы, өлкемізді көркейтейік.

Әнімет АХАНОВ,

Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай орманшылығының орман шебері.

Басқа материалдар

Back to top button