Бас тақырыпБасты тақырып

Алтыннан да бағалы асыл мұра

Мағауия СЕМБАЙ! Елеулі есім. Қажырлы қалам иесі. Бір өзі – ұлт баспасөзінің бір дәуірі. Былтырғы қарашада осынау тұғырлы тұлғаның тіршіліктегі талғаны түгесіліп, ұлт руханияты қара жамылған. Келмеске сапарлаған кемел ойдың иесін мәңгілік мекеніне жайғасытырып тұрып: «Мағаш аға мәңгі өлмейді!» деп күңіренгенбіз. Қара жерге емес, миллиондардың жүрегіне жерленген екен! Кеше ғана ортамызға қайта оралып, рухы мәңгілікке қанат қақты. Елеулі тұлғаның ел жүрегіндегі екінші өмірі басталды! 60 том. 500-ден астам құжаттың түпнұсқасы. Отбасылық архивтен мемлекеттік архивке өткен асыл мұраның көлемі – бұл.

Әрине, Қарағанды облыстық архивінің мемлекеттік сақтау қорына тапсырылған Мағауия мұрасының салмағы – көлемінде емес, маңызмазмұнында. Тіршілігінде парасатының биіктігі, ойының тереңдігімен ортадан оқшауланған оғлан ұлдың сүйікті һәм жарқын бейнесін, адами қалпы мен кәсіби даралығын, тілегің ақтығы мен жүрегінің пәктігін қалай ұмытармыз. Кісілігін ғана айтсақ, қаламгерлігі қалып қоя ма? Жоқ, әрине. Кәсіби тұрғыдан осал болса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, ҚР Президенті сыйлығын иелене ме? Талабын намысқа жанып, қаламын сертке ұстамаса, сөз өнеріне арнаған 44 жылдық ғұмырының 22 жылында ұлт руханиятының Арқадағы қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» басылымын басқара ма? Тағы да, Мағаш ағаның қажырлы қаламгер, ұлағатты ұстаз, майталман маман екенін ғана айтып, кісілік келбетін келістіре алмасақ ше? Онда сүрінгеніміз…

Келер ұрпақ архивтегі Мағауия Сланбекұлының жеке қорынан «Тұтас Сембаев» туралы дерек алатын болады. Қаламға сүйенген тағдыр иесінің жеке қорын ашуға арналған тұсаукесер рәсімде сөз алған ел ағалары, замандастары, әріптестері мен шәкірттерінің ой-толғамдары да осы мазмұнда өрбіді.

«…Том-том боп сөрелерде тұрамасақ та,

Шаң басқан архивтерден табылармыз», – демеп пе еді мұзбалақ Мұқағали. Иә, Арқаның алыбы архивке көшті. Мұрасын шаң баспайды. Өйткені, іздейтіні көп, жоқшысы басым Мағаш көкемнің! Мінберден сөз алып, қаламгер рухымен егіле отырып сырласқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаевтың, рухани апасы, ұлттық рух жанашыры Рымбала Омарбекованың, қаламдасы Аман Жанғожиннің, сыныптас досы, мемлекеттік қызмет ардагері Ниқанбай Омархановтың, туған әпкесі Тұрсын Сланбекқызының, ізбасар інісі, шәкірті, «Saryarqa Aqparat» ЖШС директоры Қамбар Ахметовтің, замандасы, Халықаралық журналист Сағат Батырханованың жүрекжарды лебіздерінен осыны аңғардық.

Облыстық архив ұжымының дайындаған «Өнегелі өмір» атты көрмесі де, ақкөйлек ағаның өнегелі өмірінен сыр шертер бейнефильм де жиналған қауымды егілтпей қоймады. Саңлағын сағынған екен Сарыарқа!

Рәсім соңында Мағаш аға шығармаларының шырақшысы, асыл жары Мейраш Ұзақбайқызы мен архив басшысы Жаңагүл Тұрсынова қаламгер мұраларын мемлекеттік сақтау қорына тапсыру жөніндегі актіге қол қойды. Сонымен, былтырғы қарашада қаңтарылған қасиетті қалам да, жылдар шежіресін шертетін қомақты қолжазба да, бір жылдары мерейін тасытқан марапаттары да архив сөресінен орын алды. Бұл – жай ғана қор емес, алтын көмбе! «Алтынды тот баспайды» дейміз ғой. Сол сияқты, маржан да арзандамайды. Мағаш ағамның алтынмен зерленіп, маржанмен көмкерілген қазынасын да шаң баспайды! Өйткені, іздеушісі көп боларына күмән жоқ! Осы жиын барысында ҚарМУ-дың журналистика кафедрасының меңгерушісі Жанар Рамазанова биыл Мағауия Сембай шығармашылығы бойынша дипломдық жұмыс қорғалатынын сүйіншілей жеткізген. Міне, Мағаш ағамыздың асыл мұрасы ғылыми айналымға түсті деген сөз!

Сөз орайы келгенде, Арқа төсінде арда сөздің мектебін қалыптастырған асыл ұлын ардақтаған Арқа жұртына, аманатқа адалдық танытқан асыл жары Мейраш жеңгемізге, облыстық архив басшысы Жаңагүл Жарекқызына, бүгінгі шараға қатысқан ел ағалары мен туысқандарына қасиетті қарашаңырақ «Орталық Қазақстан» газеті ұжымы атынан алғыс білдіруге тиіспіз.

Тұлғасы қалай биік болса, парасаты одан асқақ, жүрегіне дала сыйған Дарабоз Дарынның өлмегеніне, өлмейтініне еш күмәніміз қалмады!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button