Бұл ерекше жәдігер Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде тұр. Қаланың солтүстік-батысына қарай Жезді өзенінің жағалауында жайғасқан Басқамыр қалашығынан табылған. Бір ғажабы, жекебас гигиенасына пайдаланған бұл затты бәле-жаладан, жамандықтан сақтайтын тұмар, әшекей бұйым ретінде де тұтынған. Қыз-келіншек шаштың бұрымына немесе жіңішке жіпке өткізіп алқа қылып мойнына тақса, кейбіреуі белдікті осымен оқалаған.
1988-1994 жылдары Алматы экспедициясы мен Жезқазған тарихи-археологиялық музейі Жұман Смайловтың жетекшілігімен ІХ-ХІІғғ. көне қалашығы Басқамыр мен қола заманғы Талдысай қонысында бірлескен қазба жұмысын жүргізді. Нәтижесінде қыш ыдыс-аяқ, жануар сүйегі, әшекей бұйым, темір кені, тағы басқа толып жатқан зат табылып, музей қоры 741 жәдігерге толықты.
Мына құлақтазалағыш қала қамалының оңтүстік-батыс қабырғасына қатарлас жетінші үйден табылған. Балқытылған мысты қалыпқа құйып жасаған. Қайықтың ескегіне ұқсайды, тұтқасының жоғарғы жағында ілгегі бар. Құлақтазалағыштың ұзындығы 10 сантиметр, тұтқасының ені 4,5 сантиметр. Жиегін жағалай ашық, айқын көмкерілген тұтқасының орталық бөлігіне кестелі өрнек салынған. Ол өрнек жатаған бедеге ұқсайды, қанатын жайған құсқа да келіңкірейді. Сабағының келесі жағы ойылған.
Бұл бұйымды оғыз-қыпшақ тайпасы тұтынған деген болжам бар. Сондай-ақ, Х ғасырда Волга-Урал жағалауында тұрған қалашық Серкелде, төменгі Поволжьяда, Донның төменгі сағасында тарихи-археологиялық қазба кезінде табылған жәдігерге ұқсайды. Ғалым Л.Гавришиннің пайымдауынша, Ур-Бедари жерінде моладан табылған Сростин мәдениетіне жататын жәдігер де «оғыз-қыпшақ құлақшұқығышына ұқсас. Оның сокральді маңызы бар болуы мүмкін».
Айдана ЖАНБОСЫНОВА,
тарихи-археологиялық музейдің аға ғылыми қызметкері.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.