Індет құндылығымызды өзгерте ме?
Қоршаған әлемді қабылдау мен мінез-құлық бойдағы құндылық жүйесімен өлшенеді. Сол құндылықтар біздің ерік-жігеріміз бен іс-әрекетімізге әсер етеді. Тұлғаның ерекшелігі – ол қиындық пен дағдарысқа тап болғанша бойындағы құндылықтарына күмән келтірмейді. Адамзат бастан кешіп жатқан қатерлі пандемия бізде медициналық және экономикалық проблемаларды шешу міндеттерін жүктеумен қатар, өз басымдықтарымызды анықтайтын құндылықтарымыз жайлы ойлануға мәжбүр етті. Індет әдеттегі өмір салтының арнасын бұзып, жан-дүниемізге жаңаша үңілуге, көзқарасымыз бен әдетімізді өзгертуге жетелейді. Сондықтан, бүгінгі күні осы құндылық мәселесін алға тарту керек.
Әр мәселенің түрлі салдары болуы мүмкін. Бұған індет мысалында көз жеткізуге болады. Ол медициналық және экономикалық жағынан бастап, туыстары мен жақындарынан айрылумен аяқталатын көптеген жағымсыз жағдайды туғызды. Біз оның қашан аяқталатынын, тағы қандай қиындыққа тап қылатынын әлі толық білмейміз. Алайда, пандемия бір кездері біз үшін дұрыс және қажет деп саналған кейбір идея мен тәуелді дағдыны қайта қарауға себеп болуы мүмкін. Бірақ, кейбір идея мен қалып адамды өзіне зиян келтіруге мәжбүр етеді. Оған мысал ретінде, сирек кездесетін және қымбат бұйымдарды сатып алу, қонақ күткенде мөршерден артық шашылу арқылы мүмкіндігімізді көрсету фактілерін келтіре аламыз. Мұндай әрекеттердің басты себебі – адамның басқалар алдында өз артықшылығын көрсетуге деген ұмтылысы. Көбінесе, осыны жүзеге асыру үшін олар несие алуға мәжбүр. Бірақ, бүгінде көптеген отандастарымыздың кейінгі уақытта қалыптастырған ұстанымдарының басымдықтарына күмән келтіруге мәжбүрміз. Мәжбүрлі оқшауланудың салдарынан олардың көпшілігі экзистенциализм философиясының шекарасы ретінде көрінетін жағдайға тап болды. Ескі және таныс идеялар мен қалыптар жұмысын тоқтатқанда, адамдар өмірдің өте қиын таңдауымен бетпе-бет келеді. Дағдарыс жағдайы оларды өмірлік басымдықтарын қайта қарастыруға итермелеп, өздері «дұрыс және қажет» деп санайтын, жоспарлаған әрі миға салмақ салмайтын көзқарастарын өзгертуге мәжбүр етеді.
Аты жаман аурудың әсерінен азаматтар денсаулығы мен әл-ауқатын және жалпы өмір құндылығын олардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін проблемаға тап болғанға дейінгі таңдаған басқа құндылықтармен салыстыра отырып бағалай бастады. Түрлі елдердегі әлеуметтану және психологиялық қызметтер жүргізген барлық сауалнамалардың нәтижесі – ең алдымен денсаулықты, сондай-ақ әл-ауқат пен тұрақтылықты таңдағанын көрсетеді. «Алдыңнан аққан судың қадірі жоқ» демекші, індетке дейінгі сауалнамаларда көпшілік үшін бұл мәселелер аса маңызды құндылықтар қатарында болмағанын байқаймыз. Көріп отырғанымыздай, біз денсаулық пен әл-ауқатымызды жоғалтып алу қаупі туындағанда бағалай бастайды екенбіз.
Құндылықтарды осылай қайта қарай бастағанда «Ештен – кеш жақсы» екендігіне тағы бір рет көз жеткіземіз. Алайда, пандемия туындатқан адамдар қалауының өмірлік құндылықтарға қарай өзгеруі жайлы айтқанда, мұндай өзгерістерді бүгінде өздерінің құндылық басымдықтарының өзгеруі туралы мәлімдегендердің ұзақ ойлауы мен практикалық күш-жігерінің нәтижесі дегеннен гөрі қорғаныс әсері деуге болатынын есте ұстаған жөн. Қоршаған өмір өзгергенде қорғаныс әсері өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Өйткені, «дауыл кезінде берілген ант жанға жағымды ауа-райында ұмытылады» деп бекер айтылмаған. Бұл афоризм бізге түрлі жағдайлардың қысымымен жасалатын дүниелер өміріміздің берік негізі бола алмайтындығын аңғартады. Ұзақ мерзімді қиындықтар бойымызға дендеп еніп, ішкі сенім бен әдетімізге айналатынын да ұмытпаған жөн. Өзімізді өзгерту үшін түрлі жағдайлардың әсерінен пайда болған жағымсыз нәрселерден бас тарту – жеткіліксіз. Ескі жағымсыз әдеттер мен тәуелділіктердің орнына жаңа қасиеттерге шындап қызығу мен дамыту бағытында қажымас күш-жігердің арқасында ғана қол жеткізуіміз мүмкін. Жағымсыз әдеттерден бас тартып, жаңаларын бекіту үшін өміріміздің қалыптасқан сценарийін қайта жазып, жаңа құндылықтар мен оларға негізделген стандарттарды бекітуіміз керек. Бұл үшін қажетті ресурстарды жинақтап, бар ықыласымызды бағыттамасақ, ол өзгеруге деген жай ниет-тілек қана болып қалады. Қатерлі індет кезеңінде өмір сүрудің неғұрлым тұрақты моделін құруға мүмкіндік беретін жаңа басымдықтарды әзірлеу үшін қажетті ресурстар туралы айта отырып, олардың тек материалдық қажеттіліктермен өлшеу мүмкін емес екенін білу ләзім. Мұндай ресурстар өте маңызды және біз індеттің кесіренен оларды жинақтау мен дамытуға деген көзқарасты қайта қарастыруға мәжбүрміз. Бүгінде жұрттың қымбат заттарды сатып алып, көптің көзінше тұтынуға емес, болашақта туындауы мүмкін күтпеген қиындықтар мен сынақтарға дайын болу үшін қажетті қорларды құруға көбірек алаңдайтынын көреміз. Бірақ, адамның негізгі ресурстары қашанда шынайы білім мен дұрыс құндылықтар болды, бола береді де. Сондықтан, бүгінде өмірдің қиындықтарына өз деңгейінде қарсы тұруға жағдай туғызатын және даму мүмкіндіктерімізді кеңейтетін дәл осы базистік ресурстарды құруға және көбейтуге деген көзқарасымызды қайта қарастыруға тиіспіз.
Есет ЕСЕНҒАРАЕВ,
Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің экономикалық
және құқықтық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері.