Ата Заңым — айбарым
Конституция — кез келген тәуелсіз мемлекеттің құқықтық темірқазығы. Сондай құнды құжат 1995 жылы 30 тамызда қазақстандықтың да қолына тиді. Бұл — біздің толықтырылған төртінші Ата Заң (1937, 1978, 1993 жж.).
Өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық әрі ілкімді іс-әрекеттің арқасында оны референдум (бүкiлхалықтық дауыс беру) өткiзу жолымен қабылдадық. Қазақстанның демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін бүкіл әлемге паш еттік.
Ата Заң тәуелсіз Қазақстанның конституциялық дамуында жаңа кезеңге жол ашты. Онда белгіленген тиянақты тұжырым мен келісті қағида қоғамның барлық бағытын өркениетті үрдіс үлгісінде басқаруға жағдай жасап отыр.
Ата Заңды ауызға алғанда, алдымен, кейiнгi екеуінде алдыңғы екеуiнен елеулi айырмашылық барын айтқан абзал. Соңғы екеуі тұңғыш рет мемлекеттік тәуелсiздiктi, егемендiктi және Қазақстан халқының толық билiгiн бекiтiп, одан әрi орнықтырды. Азаматтың құқы мен бостандығы, жеке адамның жан-жақты еркiндiгi, сөз бостандығы, саяси партия мен бұқаралық қозғалыс бiрлестiгiн құру қарекеті, халық билiгiн жүзеге асыратын демократиялық тетік, экономикалық қатынастың қызметi әлемдiк талапқа сәйкестендiрiлді. Оның өлшемі мен сипаты ұзақ мерзімге бейiмделiп, тұжырымдалды.
9 бөлiм, 98 баптан тұратын Конституцияның кіріспесі: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы..» деп басталады. Бұл саяси және идеологиялық тұрғыдан алғанда аса маңызды. Мағынасының тамыры тереңде жатыр. Себебі, Қазақстан халқының тарихи тағдыры әр кезеңде әрқилы қоныс аударған көптеген ұлт өкілінің ұзақ уақыт қатар өмір сүруі нәтижесінде қалыптасты. Олардың ұрпағы саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени оқиғаның куәгері ғана емес, тікелей қатысушысы да болды.
Ата Заң демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың конституциялық негiзiн қалады. Ең қымбат құндылық — адамды және оның өмiрiн қорғау, құқығы мен бостандығын бекiту, елде және мемлекетаралық бейбiтшiлiктi, ынтымақтастық пен тату қарым-қатынас жасауды орнықтыру, байырғы қазақ жерiнде бiрлiк пен тәуелсiздiкті сақтау сияқты негізгі мақсат көрініс тапты. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықтың, халық игiлiгiн көздейтiн әлеуметтік-эконономикалық дамудың, отансүйгіштіктің, ел өмiрiндегі аса маңызды мәселені демократиялық жолмен шешудің түбегейлi қағидасы айқындалды.
Негiзгi бөлiгiнде (I-VIII) мемлекет пен жеке адамның және азаматтық қоғамның қарым-қатынасынан туындайтын негiзгi қағида (халықтың толық билiгi, аумақ тұтастығы, пiкiр еркiндiгi, Ата Заң артықшылығы, адам құқы мен бостандығының мемлекет мүддесiнен басымдығы, азаматтың мiндетi, т.б.), конституциялық құрылыстың сапалық сипаты, мемлекеттік басқару жүйесi (Президент, Парламент, Үкiмет, Конституциялық Кеңес, сот пен сот төрелiгi, жергiлiктi мемлекеттік басқару және өзiн-өзi басқару) мен мәртебесi көрініс тапты. Қорытынды және қосымша ереже берілген соңғы (IХ) бөлiмде Ата Заңға өзгерiс пен толықтыру енгiзу тәртiбi, конституциялық және өзге де заңды қабылдау рәсiмi тұжырымдалды.
Бізде бiртұтас мемлекеттік билiк Заң шығарушы, Атқарушы және Сот болып үш тармаққа бөлiнген. Аражігі ажыратылып, конституциялық өкілеттігі айқындалған. Бір-бірінің ісіне қол сұқпайды, өз құзырына сай қызмет көрсетеді. Мұндағы мақсат — біржақты билікті болдырмау. «Демократия» деген грек сөзі, қазақша «халық билігі» деген мағына береді. Мемлекеттік билiктiң бiрден-бiр бастауы — халық. Ол «…билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi… Халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар» (3-бап).
Қазақстан халқы — егемендіктің егесі, елдегі мемлекеттік биліктің жалғыз қайнар көзі. Елде қазақтан басқа өзге де көптеген ұлт өкілі өмір сүретінін жоғарыда айттық. Сондықтан, Қазақ құқықтық мемлекет құру, қоғамдық өмірді демократияландыруда өз қамын күйттеумен қатар, жалпыұлттық келісім мен ынтымақты ойлауға, ел тыныштығы мен оны одан әрі нығайтуға жауапты. Сонда Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орнын табады. Әрине, кейде жергілікті ұлт – Қазақтың мүддесі ерекше ескерілуі керек. Бұған ұлттық мәдениет пен тілді өркендету, сырттағы қазақ диаспорасының рухани-мәдени және басқа да байланысын қалпына келтіру, оның өз Отанына қайтып оралуына қолайлы жағдай туғызу жатады.
Демократиялық принцип көрініс тапқан «Адам және азамат» (II) бөлiмінде адам мәртебесi, жеке бас құндылығы ашып көрсетiлген. Анадан азат туған сәби кәмелетке толып, азаматтық алғасын тиісті құқыққа ие болып, белгілі бір міндетті қоса атқарады. Құқықты көбірек білейік, бірақ, борыш пен міндетті де ұмытпайық. Конституцияда адамды қастерлеуге, құрметтеуге, адамгершілік қасиетіне ерекше маңыз берілген. Жеке бас бостандығы заңмен қорғалған. Тұлғаның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ар-ождан бостандығына заң жүзінде толық кепілдік берілген. Ата Заңда «Әркімнің өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» (19-бап) деп жазылған. Мүлкін жекеменшігінде ұстауына, мұраға қалдыруына конституциялық кепілдік берілген. Ол Ата Заң аясында емін-еркін өмір сүріп, қызмет етеді. Ешқандай қысым көрсетілмейді.
Президентке кең өкiлеттiк берiлген. Ол мемлекеттік билiктiң барлық тармағына, өзара тиiмдi қарым-қатынасына пәрменді ықпал етеді. Өйткені, «Қазақстан Республикасы — президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет» (2-бап, 1-тармақ). Ұлан-байтақ қазақ жерi ұлттық-аумақтық бөлiнiске бөлшектенбей, тек әкiмшілік-аумақтық бөлiнiске — облыс, қала, аудан, ауыл — бөлiнедi және жоғарыда бiр орталыққа бағынады. Демек, мемлекетке халық сайлаған Президент бірегей басшылық жасап, елде саяси тұрақтылықты және қоғамдық келiсiмдi қамтамасыз етедi. Мемлекет басшысының мәртебесi «Президент» (III) бөлiмінде толық сипатталған. Мемлекеттің саяси жүйесі нақты көрініс тауып, негізгі тұғыры — президенттік басқару заңдастырылған. Ол мемлекеттік биліктің барлық тармағы үйлесімді жұмыс істеуін және халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
Қазақстанда Ата Заңға сәйкес конституциялық ауқымда жемісті жұмыс жүргізіліп жатқанына беріде — бүкіл ел, әріде — әлем куә. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі саяси тұрақтылық, көлденең кездескен кейбір қиындыққа қарамастан макроэкономикалық деңгейдегі ілгерілеу, отандық өнеркәсіпті өркендетуге шетелдік инвестиция тарту, табиғи шикізат көзі мен жерасты байлығын экономиканы нығайтуға тиімді пайдалану, алыс-жақын шетелмен байыпты берік байланыс орнату, елдегі ұлт пен ұлыстың тату-тәтті тірлігін қамтамасыз ету және басқа сан-салалы қызметі құптарлық.
Кейінгі Конституция елде тұрақты жұмыс істейтін екі палаталы Парламентті заңдастырды, оның жаңа демократиялық сипатта дамуына конституциялық негіз қалады. Ол — республиканың заң шығарушы ең жоғарғы өкілетті органы. Негізгі міндеті — саясатқа салынбай, экономикалық және демократиялық реформаны жеделдетуге қажетті заң қабылдау. Парламент Конституцияға өзгерту мен толықтыру енгізеді, республикалық бюджетті және Есеп комитетінің есебін бекітеді. Үкімет басшысының бағдарламасын безбендейді. Соғыс пен бітім мәселесін шешеді. Халықаралық шартты бекітеді және күшін жояды.
Үкімет Конституция белгілеген өкілеттік негізінде экономикалық-әлеуметтік даму барысына басшылық жасайды, ұйымдастырады. Президентке есеп береді, әрі бақылау-назарында болады. Бюджет жүйесі жөнінде Парламентке тікелей тәуелді. Ал,биліктің үшінші тармағы — сот жүйесіне Конституцияда ерекше маңыз берілген. Елде құқықтық реформа жүзеге асырылуда. Кейінгі Конституцияға негізделіп қайта жасалған «Азаматтық кодекс» пен «Қылмыстық іс кодексінің» қабылдануын айрықша атап айтқан жөн.
Мемлекеттің республика деңгейінде ғана емес, жергілікті жердегі басқаруы мен өзін-өзі басқару тәртібі де Конституцияда дербес дараланған. Облыс пен ауданда, қала мен селода мемлекеттік басқаруды — мәслихат, сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады. Жаңа Конституцияның тағы бір басты артықшылығы – меншік түрінің әралуандығы заң жүзінде бекітілді, оның қызмет аясы мен мақсаты айқындалды. Меншік атаулы қоғам игілігіне ғана жұмсалып, адамзат мүддесіне қызмет етуге тиіс. Жекеменшік сонда ғана мемлекеттік меншікпен қатар заңмен қорғалады, меншік иесінің қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Бұл нарықтық қатынастың тұрақты дамуына, экономикалық реформаның алға жылжуына сенімді конституциялық негіз болады.
«Қорытынды және қосымша ережелер» (IХ) бөлiмінде жаңа Ата Заңның күшiне ену нормасы бекiтiлген, бұрынғы қолданылып келген заңды одан әрi қолдану тәртiбi айқындалған. Мемлекеттік органның актiсi, барлық заң ҚР Конституциясы негiзiнде және соған сәйкес, сол белгiлеген рәсiм бойынша қабылданады. Оның қағидасына қайшы келетiн заң мен өзге актiнiң заңдық күшi болмайды. Халықаралық келiсiм мен шарт та Ата Заңға қайшы келмеуге тиiс. Кез келген демократиялық-құқықтық мемлекеттiң ағымдағы заңы құқықтың базалық көзi болатын Конституцияға негiзделедi және оның рухына сай келеді. Бұл — құқықтық мемлекет құрудың аса маңызды шарты. Оны Конституциялық Кеңес қамтамасыз етедi.
P.S. Әрине, елдің тәуелсіздігі тек Конституция қабылдаумен тиянақталмайды. Мемлекеттік аса маңызды мәселені шешу барысындағы талқылау мен шешу кезінде әр азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жете сезінуі қажет. Ата Заңды ардақтап, маңызына мән беру — әрбір қазақстандықтың азаматтық міндеті мен парызы. Сонда ол ашық Азаматтық қоғамның шынайы айбарына айналады.
Әлібек ӘБДІРАШ.