Жаңалықтар

Тиімді жобаның тұсауы кесілді

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі пилоттық режимде 1986 жылдан 2010 жылға дейін жергілікті атқарушы органдарда баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған кезектегі адамдар үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Шаңырақ» немесе «5-10-20» деп аталатын жаңа бағытын жүзеге асыруды бастады.

Биыл мемлекеттік бюджеттен «Шаңырақ» жобасын жүзеге асыру үшін 210 миллиард теңге бөлу жоспарлануда. Қаражаттың бірінші бөлігі – 90 миллиард теңге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне бағытталады.

Аталған қаржы шеңберінде шамамен 78-мың отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Жылдық 5%-бен несие алу үшін бағдарлама қатысушысы жергілікті атқарушы органда есепте тұруы тиіс. Және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде несие сомасының 10% мөлшерінде бастапқы жарнасы бар өз шоты болуы қажет. Несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейін.

1986-2010 жылдары кезекке тұрған тұрғындардан өтініштер қабылдау мерзімі аяқталысымен «Шаңырақ» жобасы шеңберінде несиелендіру үшін қаражат жеткілікті болған жағдайда кейінгі жылдары есепке тіркелген азаматтар екінші кезеңде қамтылуы мүмкін.

Бағдарламаға қатысу үшін соңғы 6 ай ішіндегі еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түскен отбасы табысының (зейнетақы төлемдерінің, жеке табыс салығы мен міндетті төлемдердің есебінсіз) болуы талап етіледі. Отбасының әр мүшесіне табыс мөлшері 101 271 теңгеден аспауы тиіс.

Бағдарлама бойынша баспана тек бастапқы нарықтан сатып алынады.

Қатысуға және төлем қабілеттілігін бағалауға өтініш hcsbk.kz сайты арқылы қабылданады. Өтініштер 2020 жылдың 17 тамызынан 16 қыркүйегіне дейін қабылданады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button