Батыр басы қайта жаңғырды
«Бір төбе басындағы тас обаның жанында үш адам отыр. Бірі – Кенесары. Қасындағылары – Таймас пен Әбілғазы». Бұл атақты Ілияс ЕСЕНБЕРЛИННІҢ «Қаһар» романынан алынған болмашы үзік қана. Ханның бас сардарларының бірі (маймене) Таймас Бектасұлының бейнесі бұдан бөлек, Ермахан БЕКМАХАНОВТЫҢ еңбегінде кездеседі екен. Абай ауданындағы Құлайғыр ауылының тұсында жатқан сол Таймас батыр бабамыздың кесенесі қалпына келтірілгені кеше ғана.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқасында жүзеге асып жатқан игілікті істердің бірі ғана – бұл. Бұған дейін ел аузында айтылып жүрген батырдың мазары қалпына келтіріліп, жаңаша жаңғыртылып қана қойған жоқ. Мазар тарихи нысан ретінде мемлекет қарауына алынған және «Қасиетті Қазақстан» (Сакральный Казахстан) жобасына енгізіліп отыр.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы жүзеге асырған кесененің бұрынғы сәулеттік тарихи көркі сақталған көрінеді. Жергілікті ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері жұмысты оң бағалапты.
Тарихшы Темірғали Аршабеков «Таймас батыр – Ұлт-Азаттық қозғалыста сансыз көп әскердің саяси жетекшісі ғана емес, сонымен бірге Алтай-Қареке болысының биі болды. Бұл туралы түрлі дереккөздегі тарихи фактілер айғақтайды» десе, І.Есенберлиннің «Қаһар» романында: «Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Иман, Құдайменді, Наурызбай, Бопай, Таймас, Әбілғазы, тағы бір топ кісі аттарын борбайлай қамшылап, соңынан ерді. Осыдан жеті жыл бұрын, көтеріліс басталған сәтте-ақ Кенесарыға қосылған бұл батырлардың ішінде, ел билігін қайтадан қолына алған Жоламан сұлтан ғана жоқ еді», – дегендей үзінділер жетерлік.
Жәнібек ӘЛИМАН.