КоронавирусРесми

Шектеу шаралары жеңілдетіледі

Облыста карантинді кезең-кезеңмен жеңілдету жалғасуда. Шектеу шараларын жеңілдету туралы шешім эпидемиологиялық жағдайларды ескере отырып қабылданады. Өңірде балабақшалардағы кезекші топтар, фитнес-орталықтар мен спорттық-сауықтыру клубтары қызметі жандандырылды. Бұл туралы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапа, қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат АСҚАРОВ брифингте мәлімдеді.

Балабақшаларда балалар саны 15-тен аспайтын топтарды ашуға рұқсат беріледі.

Фитнес-орталықтары мен спорт-сауықтыру орталықтарының (бассейнсіз) қызметіне алдын ала жазылумен, бір келушіге кемінде 5 шаршы метрден және нысан толымдылығы 50%-дан аспайтын есеппен рұқсат беріледі.

Ұлттық құрама, клуб командаларына 30 адамның қатысуымен контактісіз термометрияны қамтамасыз етумен, спорт базасында тұру арқылы спорт жаттығуларын өткізуге рұқсат беріледі.

ТӨКС, автожуу, дөңгелек жөндеу шеберханаларының жұмыс кестесі санитариялық шараларды күшейтумен сағат 09:00-18:00 дейін белгіленді.

Қанат Асқаров қайтадан ашылған нысандар үшін талаптарды сақтау қажеттілігі туралы еске салды.

Қоғамдық орындарда – ғимаратта және көшеде, қоғамдық көліктерде 5 жасқа дейін балаларды қоспағанда, бетперде тағу міндетті болып табылады.

Ойын-сауық, қоғамдық және еске алу шараларын, оның ішінде, үйде өткізуге тыйым салу жалғасады. 65 жастан асқан адамдарға демалыс күндері және қарбалас сағаттары көшеге шығуды шектеу ұсынылады.

– Шектеулер мен өзін-өзі оқшаулау режимі – жұқпалы аурудың таралу тізбегін үзуге мүмкіндік беретін аса тиімді шара. Сіздерден жеке гигиена, әлеуметтік қашықтық талаптарын бұлжытпай сақтауды сұраймын. Тұрғындар есте ұстайтын бір мәселе, карантин шараларын одан әрі жеңілдету туралы мәселе тек науқас саны азайғанда ғана қарастырылады, – деп атап өтті Қанат Асқаров.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button