Облыс әкіміРесми

Маңызды нысандар жұмысымен танысты

Қарағандыдағы қазақ тілінде білім беретін жаңа мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі 30-шағын ауданында орналасқан мектеп 1 200 оқушыға арналған. Бұдан тысқары, қаланың барлық мектептері мен балабақшаларының аулалары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөнделіп, абаттандырылуда. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК жөндеу жүргізіліп жатқан нысандарда болып, жұмыстың жай-күйін бағамдады.

Білім беру ошақтарында дәл осындай ауқымда алғаш рет жүргізіліп отырған жұмыстар мемлекет тарапынан бекітілген оңтайлы бағдарлама негізінде жүзеге асуда. Оның аясында мектептер мен балабақшалармен қатар, тұрғын үйлердің қасбеттерін және шатырларын жаңартуға да қаражат бөлінген.

Жеңіс Қасымбек құрылыс жүргізіліп жатқан нысандарға сапары барысында №16, №5 орта мектептер мен «Гүлдер» балабақшасындағы жұмыстардың сапасы мен қарқынын тексерді. Бұл нысандар ондаған жылдар бойы жөндеуді қажет еткен. Білім ошақтары ғимараттарында кәріз жүйесі мен шатыры ауыстырылып, мектеп жанындағы аумақтарға тасжол төселді. Балабақша аумағына да жаңа тасжол төселіп, жарықтандыру жүргізілді, шағын сәулеттік мүсіндер орнатылды.

– Балабақшаға биыл 45 жыл толды. Мұндай жол бізде ешқашан болған емес. Біз мұны көптен күттік, – деді балабақша меңгерушісі Лариса Рассаднева.

Қазір Қарағандыда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 144 нысанда осы тектес жұмыстар жүргізілуде. Жөндеу жұмысының басты шартының бірі – жаңа жұмыс орындарын құру. Осылайша, биылғы жылы қалада 7 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Олардың жартысы бұл орындарға қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы орналастырылды.

Облыс әкімі сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылыс алаңында болды. Пандемия құрылыс саласына да кері әсерін тигізіп отырғаны анық. Сондықтан, жұмыстар сәл баяу жүргізілуде. Ал, жаңа теннис корты барлық тілек білдірушілерді қабылдауға дайын. Спорттық нысан карантин аяқталған соң, бірден іске қосылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек карантин жағдайында аймақтың басты жолаушы тасымалдаушысы – №3 автопаркте күнделікті жұмыстың қалай ұйымдастырылатынын арнайы барып көрді. Кәсіпорын балансында 500 автобус бар, оның 200-і қалааралық тасымал қызметін көрсетеді. Аймақ басшысын автобус паркінің жаңғыртылуына қатысты мәселе де қызықтырды. Кәсіпорын директоры Артур Григорянның айтуынша, алдағы күзде Yutong маркалы 70 автобус сатып алу жоспарланған.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында санитарлық талаптарды сақтау мәселесін де қозғады.

Әр ауысымнан кейін автобустарға мұқият тазалау, желдету жұмыстары жүргізіледі. Жүргізушілер мен кондукторлар бетперде, санитайзер және басқа да тазалық жұмыстарына арналған қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Әскербек Халтоновтың айтуынша, қазіргі күрделі кезеңде автопарк тарапынан жолаушы тасымалдауға қосымша автобустар шығару мәселесін қарастыру тапсырылған.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button