Спорт

Байрағы – бірлік пен ынтымақ

2020 жылдың 24 наурызында Халықаралық Олимпиада комитеті мен Жапония билігі маңызды шешімдердің бірін қабылдаған еді. Жазғы Олимпиада ойындарын 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығына ауыстырған болатын. 2020 жылдың 23 шілдесінде әлем жанкүйерлері маңызды күнді атап өтті. Яғни, төртжылдықтың ең маңызды әрі ауқымды спорттық додасы – Токио Олимпиадасының басталуына тура бір жыл уақыт қалыпты. Ұйымдастыру комитеті барлық іс-шараларды онлайн режимде өткізуді жөн санапты.

«Ойынның басталуына бір жыл ғана уақыт қалды. Бізді алда үлкен міндеттер күтіп тұр. Осы орайда, біздің жапониялық әріптестеріміз премьер-министр Синдзо Абэ, «Токио-2020» президенті Мори Ёсиро, губернатор Коике Юрико, сондай-ақ, спортшылар мен барлық Жазғы Олимпиадалық халықаралық федерацияларға, ҰОК-тер мен демеушілерге, теле-радиотарату құқығын иеленгендерге алғысымды айтамын. Олардың қолдауынсыз біз мұндай тарихи шешімді қабылдай алмас едік. Біз жапон тарапымен бірлесе отырып, барлық маңызды қадамдарды жасауға дайынбыз. Осылайша, біз ұйымдастыру комитетімен бірге кейінге қалдырылған Токио-2020 ойындарын естен кетпейтін мерекеге, адамзаттың ынтымақ-бірлігін паш ететін дода ретінде өткіземіз. Бірлік болса, бізден мықты ешкім жоқ екенін көрсетеміз», – деді ХОК президенті Томас Бах мырза.

Токиодағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті ойынға қолдау көрсеткен барша жанкүйерге және спортшыларға алғыс ретінде видеофильм көрсетпек. Ал, іс-шаралар олимпиадалық каналдың платформасында тікелей эфирде көрсетіледі.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button