Коронавирус

Тексеру жұмысы – пәрменді

Қарағанды шаһары бойынша арнайы құрылған мобильді топ өкілдері кезекті мәрте рейд жұмыстарын жүргізді. Бұған дейін арнайы топ 5 шілдеден бастап 208 тексеріс өткізіп, 19 құқықбұзушылықты анықтаған. Ал, кезекті мониторингті қаланың Октябрь ауданындағы сауда орталықтары, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен өзге де қоғамдық нысандарында өткізді.

Бұл күні Майқұдықтағы барлық сауда орындары жіті тексерілді. Оның кейбірінде санитарлық талаптар сақталса, енді бірі тәртіпті мүлдем қадағаламайды екен. Тіпті, қарапайым бетперденің өзін тақпай сауда жасап тұрған сатушылардың бары анықталды. Тұтынушылардан да бетпердені тағуды талап етпейтін көрінеді. Сақтық шараларын қадағаламаған кәсіп иелеріне ескерту жасалып, айыппұл да салынды. Оған бір дәлел – 18-ықшамауданында орналасқан «Almatherm» құрылыс материалдарын сататын дүкен.

Табалдырықта жатқан төсеніштің өзіне дезинфекция жасалмағанын бірден байқайсың. Кірген-шыққанның аяғына оратылып, құрғап қалыпты. Олар сұйықтықты өздері үйден жасап алып келеді екен. Кірген жандардың қызуын өлшеп тұратын адам да жоқ. Дене қызуын тексеретін арнайы құрылғылары болса да, ешкімді тексермейді. Сатушылары бетперде тақса да, арнайы қолғап кимеген. Ескертусіз барған топ мүшелері дүкен иесіне 230 АЕК сатушыларына 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.

– Біз бұл жерде дүкен иесінің карантин талаптарын бұзғандығын өз көзімізбен көрдік. Жеке кәсіпкерге айыппұл салдық. Санитарлық нормаларды сақтай отырып, жұмыс істеп тұрған нысандар да баршылық. Ал, «Көгілдір тоғандар» ауданында орналасқан «Заман» ресторанында түскі мезгілде қыз ұзату болып жатты, – дейді, Октябрь аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Рымкеш Біргебаева.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button