Жоба қонағы – жас тілші
Биылғы оқу жылында Қарағанды қаласының білім бөлімі жетістік пен табысқа жеткен жандардың іс-тәжірибесімен таныстыру арқылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында «Өнегелі өмір» жобасын қолға алған болатын. Жоба аясында қалалық №3 гимназияның «Жас қаламгер» үйірмесінің белсенді мүшесі Ернұр СӘБИТҰЛЫ, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі Қасымхан ҒАЛЫММЕН instagram желісі арқылы тікелей эфирде кездесу өткізді.
Тікелей эфирді тізгіндеген 6 «Ә» сынып оқушы Ернұр өзін сұхбат барысында еркін ұстап, қонағымызбен әдемі ой өрбітті. Көрермендер Қасымхан Бүркітұлына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Сұхбат барысында адамның ізгілігі, тәрбиесі, мінезі секілді тақырыптарда сөз қозғалды. Өмірден әр түрлі мысалдар келтіре отырып, оқушыларды тәрбиелік маңызы зор ойларға жетеледі. Сонымен қатар, қонағымыз жырдан шашу шашып, сұхбаттың шырайын кіргізді.
Кездесуге қатысқан қонақтардың қарапайым өмірін, еңбек жолын, елінің өркендеуі үшін сүбелі үлесін қосқан жандардың жақсылығын айтып, өскелең ұрпаққа үлгі ету – басты мақсат. Аталмыш жоба аясында Бибігүл Мұқашева басшылық ететін мектеп ұжымы бұған дейін де бірнеше кездесулер өткізген еді.
Әйгерім ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ,
№3 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.