АймақҚарқаралыРуханият

«Билер кеңесі» – бірліктің шырақшысы

Тұтас елдің түйткілді мәселесін бір ауыз сөзбен шешіп, қара қылды қақ жарған әділ билер өткен. Қарқаралы қалалық Ардагерлер кеңесінің жанында сол аузы дуалы бабалардың ізбасарындай болған «Билер кеңесі» жемісті жұмыс істеп келеді. Кеңес жуырда жыл бойы атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарды.

«Билер кеңесі» – «Мәңгілік Ел» бүкілхалықтық патриоттық идеясын жүзеге асыру, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық сана мен болмысты қайта жаңғырту мақсатында, Қарқаралы қалалық ардагерлер кеңесі президиумы отырысының 23.02.2019 жылғы №1 қаулысына сәйкес, 7 адамнан құрылған.

Саят Оспанов төрағалық ететін ұйым құрамында Әлиасқар Әбеуов, Серік Жекеев, Әміржан Анзабеков, Зәуре Арынова, Түсіп Ысқақов, Ақан Жақсылықов сынды тәжірибелі азаматтар бар.

Бір жыл ішінде «Билер кеңесі» 49 отырыс өткізіп, 21 аудандық сотқа түскен әкімшілік-құқық бұзу ісін, 25 азаматтық неке ісін, 3 дау-дамайды қараған. Әрқайсысын мұқият талқылып, тиісті қаулы қабылдап, сотқа жолдаған.

Қаралған әкімшілік істердің 20-сы нәтижелі бітімге келіп, қаралған 25 азаматтық істің 23-і, яғни, 90%-ы ажырасудан аман қалған. 60 сәби жетімдік қамытын киюден құтқарылды. Бұл жетістік «Билер кеңесі» мүшелерінің білім-білігінің, өмірлік тәжірибелерінің молдығының арқасы. Көбісі немере, шөбере сүйіп отырған, көпті көрген қазыналы қарттар.

Кеңес бұл ізгі істерді қоғамдық негізде атқарып, Алла ризашылығына бөленуде. Олар қашан да, ымыра-бірліктің, татулықтың шырақшылары. Олар алдағы уақытта да осы ұстанымнан таймай, әділ еңбек етеріне сенім кәміл!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button