Біздің сұхбатКоронавирусСұхбат

Бақыт КӨШЕРОВА: «Вируспен күрес кешенді жүруі керек»

Коронавирус инфекциясы белең алған шақта «Қарағанды медицина университеті» КАҚ №3 жатақханасы вирус жұқтырғандарды емдейтін инфекциялық стационарға айналды. Оқу орнының клиникалары провизорлық және карантиндік стационар ретінде пайдаланылуда. Ал, оқытушылары мен интерн студенттері дәрігер ретінде қызмет қылуда. Бұл жайында толығырақ аталған оқу орнының клиникалық жұмыс бойынша проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақыт КӨШЕРОВА айтып берді.

– Бақыт Нұрғалиқызы, пандемия жағдайында оқу орны өз көмектерін аяп жатқан жоқ. Ауруға шалдыққан қарапайым халықтың емделетін орын, емдейтін дәрігер таппай абдырап қалғаны белгілі. Осы ретте іске қосылған инфекциялық стационардың жұмысына кеңірек тоқталсаңыз…

– Аталған жатақханада оқу кезінде студенттер тұрған. Қазір коронавирус инфекциясы анықталған және коронавирус пневмониясы бар науқастар осы жерде ем алуда. Стационар 200 адамға арналған, алғашқы кездері 180-190 адамға дейін орналастырылды. Ондағы дәрігерлердің барлығы университет қызметкерлері, резидент дәрігерлер, ал 4, 5, 6 курс студенттері санитар болып жұмыс істеуде. Студенттер еріктілер ретінде өздері ниет білдірді. Мұнда бұрын провизорлық стационарда жатып, инфекция анықталған емделушілер түседі. Яғни, бұл жердегі адамдардың барлығы вирус жұқтырғандар.

– Тәуекелге бел буып, індет ошағында жүрген медицина қызметкерлері – нағыз батырлар. Олар вирустан қорғалған болар?..

– Әлбетте, біздің дәрігерлер қолдан келгенше аянып жатқан жоқ. Олардың барлығы жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Зерттеулер толық көлемде жүргізіледі. Оның барлығы тегін. Дегенмен, инфекция жұқтырып алған әріптестеріміз де жоқ емес. Физикалық және моральдық тұрғыдан қанша қиын болса да, жұмысын тастаған ешкім жоқ. Халыққа қазір біздің көмегіміз қажет. Кім не десе де біз өз жұмысымызды істей береміз.

– Коронавирус анықталған науқастарды емдеудің хаттамасы туралы әртүрлі пікір бар. Стационардағы науқастарға қандай ем жасалуда?

– Жоғарыда айтқанымдай, стационардағы науқастардың барлығында инфекция анықталған. Өкпесінің дертке шалдығу деңгейлері, аурудың өту деңгейлері әртүрлі. Барлығында дерлік қосымша жүрек-қан тамыр аурулары, қан қысымы, қант диабеті, семіздік сынды ауруға шалдыққандар. Ем дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған, елімізде қабылданған клиникалық хаттамаға сәйкес жүргізіледі. Науқастарды мен өзім тұрақты түрде қарап шығып отырамын. Әсіресе, қосымша аурулары бар науқастарға көп көңіл бөлуге тырысамыз. Себебі, қосымша аурулар науқастың жағдайын нашарлатып жіберуі мүмкін. Дәрігер палаталарға тәулігіне кемі төрт рет барып, емделушінің халін біліп тұрады. Медбикелер тұрақты түрде дене қызуын, қан қысымын, оттегі сатурациясын өлшейді. Бастысы емделушілер қамқорлықты сезінсе екен дейміз.

– Қамқорлық демекші, вируспен күресуге әркім қолынан келген көмегін көрсетуде. Бұл жағынан стационар таршылық көріп жатқан жоқ шығар?

– Елге осындай қауіп төнгенде жұрт болып жұмылып, індетпен күресуге қол ұшын созып жатқан барлық жандарға алғыс айтамыз. Вирус иммунитеті әлсіз, түрлі ауруға шалдыққан адамдарға бірінші тиюде. Оларға медикаменттік көмектен бөлек, құнарлы ас-су, психологиялық қолдау аса қажет. Қазақстандықтар стационарларда еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерін, емделушілерді азық-түлік, гигиена заттары, ауыз су сынды қажеттіліктермен қамтамасыз етуде. Бұл – үлкен қолдау. Көзге көрінбейтін жаумен күресу қиын. Ол кешенді болмаса, нәтижелі болуы екіталай. Сондықтан, қолынан келгенінше септігін тигізіп, қаншама жанның жазылып кетуіне үлес қосып жүрген барлық адамдарға рахмет. Бір-бірімізге қамқор болайық!

– Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңіз жемісті болсын.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button