Коронавирус

Еленген ерен еңбек

Жақында облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Білікті дәрігер төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап стационарлардың жұмысын қатаң қадағалауға кіріскен болатын.

Уақытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Теміртаудың психикалық денсаулық орталығында, бес қабатты ғимараттың төртінші қабатына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті заттар сатып алынды.

Сондай-ақ, білікті басшының жіті қадағалауымен Теміртау қаласы орталық ауруханасының психиатрия және наркология бөлімшелерінің базасында 100 төсек-орынды инфекциялық стационарлар ашылды. Қазіргі уақытта Қарағандыда 40 төсектік 1 карантиндік стационар және 140 төсектік 2 инфекциялық стационар жұмыс істеп тұр.

Әріптестерінің арасында лайықты бедел мен ерекше құрметке ие Қайрат Темірұлы 2001-2005 жылдары Шахтинск қаласындағы көп бейінді стационарды электр қуаты, жылумен жабдықтау, су беру жұмыстары кешеуілдеген кездерде кәсіпорынның қызметін ұршықша иіріп, көптен ерекшеленген болатын. Директордың тапқырлығымен ойластырылған шешімдердің арқасында халыққа медициналық көмек үзіліссіз көрсетіліп отырды.

Қазіргі таңда Қайрат Темірұлы психиатриялық көмек көрсетудің көлемі мен сапасын орындау мәселелеріне үлкен көңіл бөледі. Облыстың психиатриялық қызметін қайта ұйымдастыруға белсенді қатысады. Жұмысына тыңғылықты басшы оны үнемі жетілдіру жөніндегі іс-шараларды жоспарлап, уақытында іске асырғанды ұнатады.

Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін иеленген азамат қызмет барысында жауапкершілікті жоғары бағалайды.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button