«Жұмыла көтерген жүк – жеңіл»
Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан жұмысын жүйелі бастаған республикалық «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы қоғамның әлсіз топтарына үлкен көмек-қолдау көрсетті. Енді міне, ел көлемінде жұрт болып, медициналық жабдықтар алу мақсатында қаржы жинауды қолға алды. Оның айқын бір дәлелі ақтоғайлық азаматтардың аудандық ауруханаға 37 тыныс алу аппараты мен 52 пульсоксиметр алуға демеушілік көрсеткені.
Ізгі бастамаға Ақтоғай ауданы әкімдігі, қоғам белсенділері, жерлестеріміз Ләззат Қожахметова мен Қамбар Ахметов ұйытқы болды.
Бұл туралы Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжоловты сөзге тартқанымызда:
– Аймақта санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шаралар атқарылуда. Жылжымалы дәріхана арнайы кестеге сәйкес ауылдарды аралап, тұрғындарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, Ақтоғай, Шабанбай би, Қызыларай, Қусақ ауылының қолы ашық, атымтай жомарт азаматтарының демеушілігімен тыныс алу аппараттарына қомақты қаражат жиналды. Сонымен бірге ИВЛ аппараттарын алуға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков, облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков және ақтоғайлық жеке кәсіпкерлер, «Алтын алмас» АҚ, «Ақсораң» (Қызыларай ауылы) қайырымдылық қоры да үлкен көлемде қаржы бөлді. Жалпы жиналған қаражатқа бүгінгі күні 37 кислородтық концентратор, 52 пульсоксиметр және 15 «Бобров» аппаратын алуға тапсырыс берілді. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға, науқастарға қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысында тиісті жұмыстар жалғасын табатын болады, – дейді.
«Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» демекші, елді алаңдатқан аждаһаны ауыздықтауда ешкімнің де бейжайлық танытқысы жоқ. Айта кету керек, өңірдің шаруа қожалық иелері мен тұрғындары аудандық ауруханада ем алып жатқан науқастар мен мейірбикелерге тегін қымыз үлестірді. Бәрінің де тілегі әлемді әуреге салған індеттен тез құтылып, оның кең етек алып кетуіне жол бермеу.
Бірлігі мықты елдің тірлігі де бекем болары анық.
Думан ҚАБЫЛ.