Жақсылық жаршылары
Жақсылық істеуде жарысып, қиналғанға қол ұшын беру – имандылықтың белгісі. Елімізде жұқпалы індетке шалдыққандарға көмек көрсетуге ниетті азаматтардың қатары күн санап көбейіп келеді.
Осындай игі істі қолға алған жерлестеріміз, облыс орталығындағы «ТазалықЭксперт» ЖШС басшылары Нұрлан Мусипов пен Ермұрат Зейнешов аудандық ауруханаға 8 дана және «TemirZat» ЖШС-нің басшысы Айдын Мезгілбаев 1 дана оттегі концентратор аппаратын сыйлады.
Қысылтаяң сәтте жерлестеріне көмек көрсетуді перзенттік борышым деп білген ел азаматтарына аудан әкімінің алғысын жеткізген орынбасары Сайлау Әлиұлы ағайын-туыстың амандығы үшін қайырымдылық жасап отырған кәсіпкер азаматтардың еңбегіне береке тіледі.
Аты жаман індеттің алдын алуды мақсат еткен кәсіпкерлер әкелген ресейлік «Armed» 8F-5 маркалы аппараттар сырқат жандарға қызмет етпек.
Сағыныш ӘБІЛ.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.