Бас тақырыпБасты тақырып

ПРЕЗИДЕНТ һәм ПАРАСАТ иесі

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ қазақ қоғамы, руханияты мен мәдениеті туралы сөйлеген сөздерінде Абайдан тамыр тартып, нәр алатыны айқұлақтанады. Алысқа бармай-ақ, Абайдың алғашқы қара сөзінен бастағанды жөн көрдік. Бір қарағанда, жеке басының қайғы-қасіретін айтып тұрғандай көрінбей ме хакім? «Осы жасқа келгенше бірталай өмір сүрдік, алыстық, жұлыстық, ісіміздің баянсызын көрдік, енді қалған өмірімізді қайтіп өткізген дұрыс? Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу, бала бағу» – осылардың бірі де абырой әпермесін танытады да, ақыры, жазуды қолай көреді ғой. Қара басының ғана қамы сияқты мұнысы. Олай емес екен, бірақ. Ақынның қара басының қамы қазақтың тағдыр-талайы мен мұң-қайғысына айналып кеткені бірден байқалады. «Абай – Алаш ақыл-ойы мен сана-сезімінің шарықтау шегі һәм терең тұңғиығы» деген сөздің шындығы да осы жерден көрінеді.

Бірінші қара сөзінің алғашқы абзацын қараңыз: «Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?» деп қоғамдық сауал қояды. Жеке басының сұрағы қоғамдық сауалға айналып шыға келеді. Ой көзімен баққанға, дәл қазір қазақ қоғамы осы сауалға келіп тірелді. Бұған дейін той тойлады, ас берді, әркім өз руын көтерді, өркениеттен жаңылды, өндірістен қағылды, ақырында Абайша айтқанда, «өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?» деген қылмойынға келіп тірелді. Әйтпесе, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» дер ме еді? Елдегі жағдайды, әлемдік экономикалық ахуалды салыстыра сараптап отырған Мемлекет басшысы қазақ қоғамына Абайдың көзімен қарап, байыптайтынын парықтамау мүмкін емес осыдан кейін. Хакім Абай жер ортасы жасқа келгенде, «қалған өмірімізді қайтіп өткіземіз?» десе, Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тіреліп отыр бұл сұраққа. Олай болмаса, Президент бұлай дер ме еді: «Бәрімізді, әсіресе, жастарды «Ары қарай қалай өмір сүреміз?» деген сауал мазалайды. Осындай сәтте біздің көзқарасымыз, болмысымыз, өзіміз өмір сүріп жатқан жаңа заманның талабына сай болуы керек. Яғни, тарихи тұрғыдан жаңартылған құндылықтарға бет бұруға тиіспіз. Бізге қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беретін ақыл-ой тұжырымы қажет. Жоғары заманауи технология, роботтар, жасанды интеллект дәуірінде ақыл-кеңес түсінігі ерекше маңызды болмақ». Президент те парасат иесі Абай секілді мәселені айтып қана қоймайды, қайтсе, қалай қарай бет бұрса шешілерін нұсқайды.

Тіпті, сол сұхбатының төңірегінде өрбіген ойлар Абайдың бірінші һәм екінші қара сөздеріндегі ойлармен кірігіп тұр. Абай бірінші қара сөзінің өзінде ел болып, заман көшіне ілесудің негізгі бес бақанын ұсынған екен ғой. Олар – «ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу, бала бағу ісі». Ел бағу – бүгінгі Үкімет, билік, мал бағу – қазақтың ата кәсібі, бүгінгі баламасы – өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, ішер тамақ, киер киімге саяды. Ғылым бағу дегені – заманауи технологиялық жетістіктерге қол жеткізу, дін бағуы белгілі, бала бағуы – оқу-білім, тәрбие беру ісі.

Кез келген тәуелсіз мемлекетке осы бес саладан басқа не керек? Өркениеттің өріне көз тіккен елде осы бес саланың жұмысы дұрыс жолға қойылуы тиіс, демек. Менің емес, Абайдың пайымынша. Ол заманда бұлар қалай оңалсын? Елдің тізгіні өзінде емес, басқада еді. Бүгін айналайын азаттықтың арқасында жолға қойылмайтын қиын іс емес. Және бір қуанарлығы – Президент пікірінің Абай пайым-парасатымен үндестігі. Егер біз ел болып Мемлекет басшысының нұсқаған жолына түсетін болсақ, билік барлық басқару тетіктерін солай қарай бағыттаса, тарихи жетістіктерге құлаш ұрарымыз анық деген сөз.

Саясат пен экономикада, руханият пен мәдениетте күллі халықаралық қатынастар мен әлемдік ахуалды терең бажайлап отырған Президент ойын Абай тұжырымдарымен түйетіні қайран қалдырмай қоймайды. Қазіргі жағдайда қазаққа қандай қарекет қылу керек? Қалай дамып, кімді үлгі тұтқаны жөн? Билік қолынан келгенін жасаса, халық та қарап қалмай, көрші өзбектерше жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрмайынша, бәрі далбаса екен. Белден басып, бәрін бір-ақ күнде төңкеріп тастауға саяси ахуал, сыртқы күштердің ықпалы барын да ескеретін сауатты халыққа айналар кез жетті. Әрі-беріден соң, әр азамат қазақ елінің болашағы өзіне байланысты екендігін жан-жүрегімен сезініп, саналы қарекет қылмайынша, түк те өнбейді. Абайдың да айтқаны сол еді ғой. Мемлекет басшысы соны тап басты: «Бірақ, бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді. Қайта оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ, табанды түрде жалғастыра беру қажет. Бұл орайда Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды. Менің таңғалатыным, Өзбекстанның мемлекеттік органдарында әлі күнге дейін орыс тілі қолданылады. Тіпті, олардың тұтас тарихында да осылай болған. Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан, ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр».

Ал, Абай екінші қара сөзінде кәсіп пен еңбек сауған елді үлгі етеді: «Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда» – деді.

Тіл мәселесіне келгенде, не істеу қажеттігін жіліктеп айтып берді. Тәуелсіз елдің өз бақыты үшін күресі – бәрін бірден шайқап тастау емес. Барды бағалай отырып, оған нұқсан келтірмей, күрмеуі қиын түйіндерді табанды байыптылықпен шешу деген сөз. Тіл үшін күрес – ұлт үшін күрес болса, бұл жерде ұлттың қажыр-қайраты керек. Егер ел талапшыл әрі сол талабы жолында табанды болып, саяси жағдайды бағамдап, бейбіт әрі жүйелі әрекетке көше алса, біздің елдігіміз сонда ақталады.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button