Әлеужеліде – әбігер! Екі-үш күннен бері Жезқазғанда қойылған абыз Абайдың мүсіні әсерсіз әңгіменің өзегіне айналған. “Әсерсіз” деуге себеп – алғыс айтқан бір адам жоқ. Есесіне “сойып” салған. Карантиннің кесірінен Жезқалаға көптен жол түспеп еді, кеше таңертең арнайы барып көрдім. Ашынатындай-ақ екен!
Ашынған адамның аузынан шығатын сөздің сарыны белгілі ғой, әлеужеліде жазылған пікірдің бір парасы мынадай: “Бұл не мазақ? Айтарға сөз жоқ!” (Санияз Мұратбеков), “Басын найзаға ілгендей қылып қойғанын қарашы… Жарымес!” (Ардақ Саханов), “Мынау ескерткіш емес, қабір басына қоятын бюст қой!” (Нұрхан Хамзеұлы), “Мынаны бекітіп, қол қойған қандай қазақ? Сананың жеткен жері осы болған ғой” (Ғалия Сатмолдина), “Жасаған мен жасатқанның санасы қандай деңгейде екенін жерде жатқан кітаптан-ақ аңғаруға болады” (Ерлан Шаяхметұлы), “Абай рухын, Қазақты қорлау! Бақша ортасындағы торғай үркітетін “қарақшы” сияқты” (Тойбек Балтабай).
– Ертеде елді үрейлендіру үшін жазаланған адамның басын найзаның ұшына іліп қояды екен, дегенді еститін едік, мынау – ақылға қонбайтын сорақылық! 175 жылдығы тойланатын жылы ұлы Абайды бұлай жезқазғанша “ұлықтау” жалпақ жұрттан ұят болды. Әлеуметтік желі ұлардай шулап жатыр, – дейді қала тұрғыны, қадірлі аға Ғазиз Әлин.
Тағы бір ақсақалмен тілдестім. Аты-жөнін айтпауды өтінген ол былай деді: “Мен қала әкімі Қайрат Бегімовты шаруаның адамы деп бағалаймын. Абай мүсіні туралы айтқанымда, қатты ыңғайсызданып қалды. Әрине, бәрін бірінші басшының бақылап отыруы мүмкін емес. Бірақ, оның идеология жөніндегі орынбасары (З.Ақылбекова), ішкі саясатқа жауап беретін білдей бір бөлім (М.Мырзабекова) қайда қараған?”.
Әлеужеліде қала әкімдігінің жауабы жарияланды. Оған қарағанда, Абай мен Сарыарқа көшесінің қиылысына қойылған Абай мүсініне мемлекеттік сатып алу туралы Заңына сәйкес байқау жариялаған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі екен. (кейбір орашолақ сөйлем ептеп редакцияланды – авт.): “Бірақ, шығармашылық кеңестің кіші архитектуралық пішінді мақұлдамауы себебінен бүгінде аталған мүсінді алып тастау туралы шешім қабылданған…
Абай Құнанбаевтың еңселі ескерткіші биыл қараша-желтоқсанда бой көтереді деп күтілуде. 2020 жылы 30 наурызда қала әкімінің ҚР Мәдениет министрлігіне жолдаған хатына (№01-12/420) сәйкес, Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнату туралы ұсынысты министрлік жанындағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия мақұлдады. Енді ескерткіштің ең үздік эскизіне республикалық БАҚ арқылы конкурс жарияланады.
Абай-Сарыарқа көшелерінің қиылысын абаттандыру жұмысы жалғасады. Биыл тротуар плиткасын төсеу, балалар ойын алаңын жасау, жаттығу құрылғысын қою жоспарланған” депті.
Осы жерде мынадай сауал туындайды: Абайға ескерткіш орнатылатыны ерте көктемде белгілі болса, абаттандырылмаған алаңға шығармашылық кеңес мақұлдамаған мынадай мүсін қалай қойылған? Мүсінді жасауға жұмсалған 7,8 миллион теңге саябақты абаттандыруға қарастырылған 69 321 223 теңгенің ішінде ме?
Суретті түсірген автор.
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.