Руханият

Сағат БАТЫРХАН – Қазақстанның құрметті журналисі

Журналистер күні мерекесі қарсаңында журналистика саласының саңлақтары марапатталды. Олардың арасында жерлесіміз, халықаралық журналист Сағат Батырханова да бар. Ол қазақ журналистикасының дамуына қосқан зор үлесі мен ерен еңбегі үшін «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағына ие болды.

Сағат Батырханова – әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі.

1978-1997 жылдар аралығында Қарағанды облыстық радиосында тілші, бас редактор, Қазақ радиосының Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі, 1997-2000 жылдары республикалық «Хабар» агенттігінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі, Қарағанды облыстық телерадиокомпания төрағасының орынбасары – бағдарламалар директоры, 2000-2001 жылдары Азаттық радиосының Астанадағы бюросының бас редакторы – бюро жетекшісі, 2001-2012 жылдары «Азаттық» радиосының Прагадағы редакциясында редактор, онлайн продюсер, 2013 жылдың наурыз айынан «Қазақстан» РТРК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарған.

Ерекше қолтаңбасымен танылған ол өзінің нағыз кәсіби журналист екенін дәлелдеген білікті маман. Аға буыннан жоғары баға алып, қазақ руханиятының қызғыш құсы бола білді. Ұзақ жылдар журналистика саласында талмай еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледі.

Сағат Сыдыққызын алған марапатымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button