ПоэзияРуханият

Арғын Нұрбай батыр (Поэма)

«Нұрбай батыр 1609-1675 жылдар шамасында өмір сүрген. Бұл Есім хан, Жәңгір, Тәуке хандардың билік құрған тұстарына сәйкес келеді. 1627 жылы Есім хан бастаған жорыққа он жеті жасар Нұрбай да қатысыпты. Қорғасқа таяу жердегі шайқаста ойрат тайпасы көсемдерінің бірі Қоту-Қойсынның інісі Барғаймен жекпе-жекте асқан ерлік жасап, қалмақтың өте мықтысы, құралайды көзге атқан мергені Барғайды найзамен шаншып өлтіріп, қазақ жауынгерлерінің абыройын асқақтатқан. Бұл – Нұрбайдың алғашқы ерлігі еді…»

Рашит КӘРЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы, 

профессор, өлкетанушы.

Қазақтың бір батыры Нұрбай еді,

Нұрбайдың даңқын мәңгі жырлайды елі.

Тұсында Есім ханның атқа қонған,

Ер Нұрбай ақ найзаға ыңғайлы еді.

Арғынның Алтай еді шыққан тегі,

Жасынан жасын еді, сырттан еді.

Жан алып, жан беріскен жекпе-жекте,

Қалмақтың қас батырын жыққан еді.

Арғынның сәуірі еді Алтай бабам,

Алты күн отырса тік жантаймаған.

Қазақтың бар сарбазы басын қосса,

Сабасы шүп-шүп етіп ортаймаған.

Жарқырап ақ сауыты күнге айналған,

Нұрбайдың бар ғұмыры үлкен майдан.

Астында шұбар айғыр арқыраған,

Қалқаны аумай қалған алтын айдан.

Алсай ағасы еді, жағасы еді,

Баласы Қуандықтың панасы еді.

Ер Нұрбай «Шежекөз!», деп ұрандаса,

Күркіреп қуат берген Алаш елі.

Қайғысы бөлінбеген қайран елдің,

Қайсарын жаныңа ертіп қайрап едің.

Ер бабам, жасағыңды жауға бастап,

Шоғындай сексеуілдің жайнап едің.

Еділдің жағасында ұрандап ең,

Жайықтың жағасында ылаң сап ең.

Жөңкілтіп жауын қуған Нұрбай батыр,

Алдында алты Алаштың сыналған ең.

Қорғаста көзге түскен қыршын едің,

Батырын бір адамдай білсін елің.

Есімін айтайықшы есілдердің,

Тұрғанда күні туып күншілдердің.

Атығай, Қатпартастың аты мәлім,

Сарысу, Қулы-Мұңлы атырабың.

Ақбастау, Қызылтау мен Шуда ізің бар,

Білетін Арғын Алтай батыр атын.

Аққұдық, Тастықұдық суы балдай,

Қараағаш жау қызыққан нуың қандай.

Тұсында Ескененің әскер құрдың,

Әр боздақ қасқа айғырдың құлынындай.

Шіркін-ай, Шажағайға жер жеткен бе,

Баласы батыр болған ер жеткенде.

Бөбегі бесігінде балбыраған,

Үп етіп самал желі тербеткенде.

Туған жер, туған елдің киесі бар,

Жақсының айнымайтын жүйесі бар.

Дүние кең болғанмен қарап тұрсаң,

Әр жердің Алла берген иесі бар.

Осы ұғым әр тектінің жүрегінде,

Атамыз айтып кеткен түлегіне.

Қазақтың қамын жемей, қайтсін Нұрбай,

Азат боп келгеннен соң бұл өмірге.

Сай-салам, сайын далам қанға бөккен,

Дос-дұшпан тірлігіңе таң қап өткен.

Қазақтың аманаты аруақ сөзі,

Ұрпағын ұрпағына жалғап өткен.

Алғашқы жекпе-жек

Ей, Алла!

Қолда мені, қорға мені,

Жолымды жауға шапқан оңғар енді.

Арқада алаң болған ел сөзінен,

Кеудеме кек пен намыс толған еді.

Қуат бер, сұм қалмақты сұлататын,

Сүрініп қалмасыншы шұбар атым.

Артымда атойлаған жасағым тұр,

Сәт туды қан майданда сыналатын.

Айбын бер, жаудың құтын қашыратын,

Қайрат бер, қазақ даңқын асыратын.

Мың мәрте досқа құшақ ашсам-дағы,

Мен емес басынғанға бас ұратын.

Осылай медет тілеп бір Алладан,

Қыршын ұл жауға қарай ұрандаған.

Заулайды оқтан бетер Шұбар айғыр,

Белдеуде шырқ айналып тұра алмаған.

Жекпе-жек қан майданның басы еді,

Бәйгеге басын тіккен асыл ері.

Ер Нұрбай «Шежекөз!», деп шапқан кезде,

Жас емес, жарқылдаған жасын еді.

Екі жақ кернейлетті, күңіренді,

Батырлар қу тірліктен түңіледі.

Бораған топырақтан күн тұтылып,

Қойтасы қара жердің үгіледі.

Шұбардың ауыздығы қиылған шақ,

Қара тер қос жанарға құйылған шақ.

Ақ найза қақыратты жаудың төсін,

Нұрбайға Алла қолдап, бұйырған бақ.

Кәпірдің өгіздей боп өкіргені,

Қан шапшып, қақ айырылған көкірегі.

Әскерін абыржытып қонтайшының,

Қалмақтар бұл өлімге өкінеді.

Қан мен тер өн-бойында араласқан,

Жас Нұрбай қалың жаумен жағаласқан.

«Бала», деп менменсіген сұм Барғайды,

Ақыры ажал жетіп, қара басқан.

Гуілдеп қалың жасақ лап қойған сәт,

Намысты қайқы қылыш қайраған сәт.

Әр қазақ шүберекке жанын түйіп,

Жүректе жұрттың қаны қайнаған шақ.

Шегініп дандайсыған дұшпан легі,

Жер тістеп, қан түкіріп, құсқан еді.

Жарқырап Ақ сауыты Нұрбай батыр,

Қалмақтың хан шатырын бұзған еді.

«Шұбарым, жер апшысын қуыр», деді,

Артымнан Үш жүздің де Туы келді.

Қазақтың қалың қолы жиылғанда,

Туған жер жан шақырып гуілдеді…

Есім ханның батасы

…Есім хан абыройлы, мәртебелі,

Қазаққа мәңгі-бақи бар керегі.

Байрағын көтергенде бұлт ыдырап,

Соңынан ерген еді алқалы елі.

Жампозын бағалаған көсем еді,

Өзін де қадірлейтін көшелі елі.

Батыры жауға шапса, жасақ бастап,

Ерлігін елге жыр ғып еселеді.

Көзінің ағыменен, қарасындай,

Әр сарбаз артық туған баласындай.

Ұрысын ұлдарының басқаратын,

Есім хан ен далада дара шыңдай.

Тұлпарын тебініп қап сөз арнайды,

Айтқаны орындалмай, оралмайды.

Есім хан, жекпе-жектің жеңімпазын,

Көре алмай, ақбоз үйге қона алмайды,

деп Нұрбай батырды шақыртады.

Шақыршы, анау ұлды ұрандаған,

Қарама алды-артыңа ұлан балам.

Кім екен, ертіп келші жас қыршынды,

Жолына қалың қалмақ тұра алмаған.

Кім екен, жаудың шебін бұзып-жарған,

Кім екен, кегімді алған құзғындардан.

Қан жауып кетіпті ғой өне-бойын,

Бұл жеңіс қазақ үшін мың күнгі арман.

Шайнайды шұбар айғыр ауыздығын,

Жер қапты ақырында жауыз бүгін.

Шежекөз Сауытыңнан айналайын,

Нұрбайды жырласыншы бауыр бүгін.

Қолыңды жайшы балам, деміңді алшы,

Жауына әлмисақтан елің қарсы.

Атыңды алты Алашқа жаямын деп,

Жан-жаққа сүйінші сұрап кетті жаршы.

Атаңды дүйім Арғын құрметтеген,

Қазақ жоқ Қуандықты үлгі етпеген.

Қос арыс Алтай-Қарпық әкең қандай,

Жарасып Сарыарқаға ірге тепкен.

Тектіден текті туған асылым-ай,

Құлжаның қолға сыймас асығындай.

Ертіпсің ер ұлдарды оттай жанған,

Жетіпсің жер түбінен жасырынбай,

Еліңнің бекем болсын айналасы,

Ырысқа толы болсын сай-саласы.

Өзіңді Алла қолдап, аруақ алқап,

Болғайсың байтақ елдің бай қазағы.

Халқыңмен уыз да іштің, у да іштің,

Халқыңмен отқа түстің, суға түстің.

Халқыңмен бақытты бол, батыр Нұрбай,

Жаныңа жоламасын ешбір міскін.

Ұрпағың асып-тасып, атың қалсын,

Ел үшін ер ұлдарың тартынбасын.

Қазақтың қамын ойла, жайын ойла,

Қашанда аман болсын алтын басың.

Әумин!

Батырдың тұлпарымен тілдесуі

Шұбарым, айналайын тұяғыңнан,

Шапқанда қолтығыңнан күй ағылған.

Сағынып үйіріңді сарғайдың ба,

Су ішпей Болат таудың бұлағынан.

Теріңнен терлік шіріп шыдамайды,

Жақсылар бірін-бірі сынамайды.

Шұбарым, жабы туған қара бие,

Сен түгіл иеңе де ұнамайды.

Соңында бес ешкінің бауыр қалды,

Ағайын не ойлап жүр ауылдағы.

Біреулер қосылмады жасағыма,

Қаңбақтай қаңғып кеткен дауылдағы.

Басының амандығын олжа көрген,

Намысын ел болмайды қолдан берген.

Шұбарым, Есім ханның бар сыйлығын,

Сарбазға бөліп бердім соңға ерген.

Барғайдың басын алдым асып-тасқан,

Басқасын қырып-жойдым жасып қашқан.

Жерімді жау баспасын жалғыз тілек,

Елімді дау алмасын қамсыз жатқан.

Шұбарым, төресі едің тұлпарлардың,

Білсін жұрт қазақта да ұлдар барын.

Екеуміз жанымыз бір жаратылыс,

Жауына алдыртпайтын тұлғаларын.

Бабамыз бір Алладан ұл тілеген,

Бітпейді ел мүддесі күлкіменен.

Ел ішін қу бұзады қутыңдаған,

Арыстан қоңсы қонбас түлкіменен.

Жанында жақсылардың жамандар бар,

Жігіттер, болашаққа алаңдаңдар.

Тас болмас құм жиылып ешқашан да,

Бас болар бір Алладан жаралғандар.

Бұл жалған білгендерге сынақ қана,

Із қалар ірілерден қыраттарда.

Жер қалар мұра болып ұрпақтарға,

Жеткізер ел-жұртыңды мұраттарға.

Айналдым тұяғыңнан Шұбар айғыр,

Ұштың-ау тау мен таста құламай бір.

Ағайын, дұғаңды арна шейіт кетсем,

Алдында дос-дұшпанның жыламай жүр.

Бірлікті қадірлеген ел озады,

Алауыз қу тірлікте көр қазады.

Майданы жалғасады дүниенің,

Кем болмас адамзаттың кең қазағы.

Ұрпақ сөзі

Селт етіп, сертінен бір бас тартпаған,

Бабамды ұлықтайды асқақ далам.

Батырға ұрпақ болу оңай емес,

Ел десе бойымызға ас батпаған.

Жер десе жүрегіміз атқақтаған,

Қазақтың ой-санасы – аппақ ғалам.

Арымның садағасы жаным менің,

Жыласа бейкүнә жан жақтап қалам.

Алдында аждаһаның бүріспеген,

Батырдың ұшқынымын, құрыш денем.

Шаршаған жампоздарға жастық болып,

Қажыған қазақтарға тыныс берем.

Алдында дос-дұшпанның жарқылдаған,

Аруағың разы болсын жарқын бабам.

Мен егер шындықты айтсам, бірлікті айтсам,

Ол сенің асау қаның сарқылмаған.

Намысым нақұрысты талқандаған,

Қасиетің қайран бабам, қалқан маған.

Кешегі Байшұбардың бір сәурігін,

Басында Ұлытаудың арқандағам.

Кім білсін, антұрған көп анталаған,

Жүйкемді дұшпандар бар жаңқалаған.

Біреулер арманыма түрен салып,

Біреулер орманымды балталаған.

Жалғанның жетегінде ит құтырған,

Ұл-қызды отқа айдап, құл құтылған.

Тіршілік тексіздерге сауық-сайран,

Құдайды кейін қойған құлқынынан.

Кейде мен уайымға батып қалам,

Аңыз боп кете ме деп ақық далам.

Жанымда байғұстар жүр бауырмын деп,

Бір-бірін жамандаудан жалықпаған.

Содан да, қаным қайнап, айбаттанам,

Ойымды өбектейді жайнап далам.

Басына бұлт төнгенде жігіттердің,

Жанымды шүберекке байлап барам.

Ұрпағың болғаннан соң батыр баба,

Пендеге бас июге қақым бар ма?

Алдаспан Азаматқа тіл тигізген,

Бүйрегім бұрылмайды жақындарға.

Бағым да, бақытым да елім менің,

Жауымын өз қағынан жерінгеннің.

Дұшпанға бой бермеген қайран басым,

Туыстан тірек таппай егілгенмін.

Барым да, базарым да жерім екен,

Тілек бір. Бөлінбегем, берілмегем,

Аман бол Қазақ Елі, Қазақ жұрты,

Баласын «батыр» деген, «ерім» деген.

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button