Спорт

ҚАЙРАТ пен ЖІГЕР сыналған шақ

Қарағандылық офицер ҚР Қарулы Күштері арасында жаңа рекорд орнатты. Қарағанды гарнизоны әскери полиция бөлімінің офицері, аға лейтенант Заңғар ӘЛКЕНОВ 200 шақырымды 35 сағат 11 минут 52 секундта жүгіріп өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабар таратты.

Заңғар Қарағандыдан Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кенті бағытында жүгірді. Әуелде, марафоншы 200 шақырымды 48 сағатта бағындыруды жоспарлапты. Бірақ, алғашқы күні 130 шақырымды жүгіріп өткен. Сөйтіп, келесі күнге 70 шақырымды қалдырған ол мәреге 13 сағат бұрын жеткен.

– Бірінші күні 100 шақырым қашықтықты басып өтуді жоспарладым. Алайда, марафон барысында өзімді жақсы сезінгендіктен 130 шақырымға бел будым. Екінші күнге 70 шақырымды қалдырдым. Ең ауыры соңғы 20 шақырым болды, – дейді Заңғар.

Ультрамарафон барысы онлайн режимде навигациялық платформаның көмегімен қадағалауда болды. Дәрігерлер мен әскерилер, полиция желаяқтың денсаулығы мен қауіпсіздігін бақылауда ұстады. Мәреде офицерді туған-туыстары мен әріптестері, жергілікті жұрт қарсы алды.

Заңғар Әлкенов – қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, дзюдо мен самбодан спорт шеберлігіне үміткер. Бұған дейін 15, 21, 42, 75, 83, 130 шақырым қашықтықтарды бағындырған.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button