Алмаздың асуы

Атырау қаласында «Рахымжан Отарбаевтың Руханият қорының» ұйымдастыруымен драматургия, проза салалары бойынша сыншы, әдебиетшілер арасында өткен «Рахымжан Отарбаев шығармашылығы. Әдеби сын» байқауының қорытындысы шығып, жеңімпаздар марапатталды. Жүлдегерлердің арасынан қарағандылық жазушы Алмаз МЫРЗАХМЕТТІҢ мақаласы ең үздік деп танылды.

Аталған байқауға Атырау облысының әкімдігі қолдау білдірген. Әсіресе, еңбек – жазушының жары, соңында қалған шығармаларының шырақшысы Сәуле Отарбаеваныкі. Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы бастаған қазылар алқасы Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығын арқау еткен отыздан астам жұмысты саралай келіп, екі жанр бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Қазылар алқасының төрағасы Амангелді Кеңшілікұлы І орын иегерінің мақаласы жайлы былай дейді: «Прозалық туындыларды талдаған жақсы материалдар көп түсті. Әдеби сынға қарағанда, көпшілігі ғылыми бағытта жазылған. Дегенмен, ақылдаса келе Алмаз Мырзахметтің «Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романындағы архетиптік желілер» деген мақаласын ең үздік деп шештік. Автор жазушы романын талдау үстінде өте көп ізденген. Мысалы, біздегі әдеби сында профессионалдық сын жетіспейді. Менің таңғалғаным, Алмаз Мырзахмет кәсіби түрде өте жақсы талдаған. Тақырыбын жанжақты, егжей-тегжейлі зерттеп, романның құрылымдық ерекшелігін саралаған».

Сондай-ақ, белгілі әдебиет сыншысы келешекте Рахымжан шығармашылығын әлем оқырмандарына таныстыру керек болса, Алмаздың осы талдау мақаласын шет тіліне аудару керек екенін айтты. Бұл пікірді жас жазушының жұмысы үшін берілген ең үлкен баға деп білдік.

Жазушы Алмаз Мырзахмет өзінің Facebook парақшасында әсерін былай деп жеткізіпті. ««Айналайын!» деуші еді ғой. Осынау бір сөзге Алтай-АрқаАтырау тұтасымен сыйып кететін.

«Айналайын, соңымнан ерген қара – өздерің» дейтін. Үлкен сенім артты, соны ақтауға жазсын! Атырау еліне, Сәуле Отарбаева жеңгеме, Ермерей бауырыма, Қаламгер порталы ұжымына, байқауға қатысушыларға мың алғыс!»

Қасымхан ҒАЛЫМ.