Жаңалықтар

Ноутбук аламыз десеңіз…

Адамзатты атымен-ақ шошытқан COVID-19 вирусының кесірінен жарты әлем онлайн жұмыс, онлайн оқу деген форматқа көшкелі де жарты жыл.

Бұндай сәтте қолыңызда замана ағымына сай гаджет болмаса қатарымнан қалдым дей берсеңіз де болады. Сонымен, жұмысыңызға не оқушы балаңызға ноутбук алғыңыз келсе қайтпек керек? Қай марканы таңдаған дұрыс? «ASUS алған дұрыс па? Әлде, Lenovo, HP секілдінің бірінен таңдасам ба?» – деп басы қатып жүрген жұрт әлі де бар болуы мүмкін. Біздің айтпағымыз мынау, ноутбуктың сыртындағы атауы маңызды емес, ішіне, темір-терсегіне үңіліңіз. Әрине, бағасы да құрылымына қарай сатылап өсе береді.

«Сұраныс бар жерде ұсыныс бар» деген қағида бар бизнесте. Бірақ, біздегі жекелеген компаниялардың ашкөздігінің кесірінен былтырлары 120- 150 мың теңгеге алатын қарапайым ғана ноутбуктер биыл 150-180 мың теңгеге дейін өсіп кетті.

Сонымен, ноутбук сізге офистік қолданыс үшін, ZOOM-мен байланысқа шығу дегендей қарапайым сұраныстарға негізделсе Intel Core i3 немесе AMD Ryzen 3 процессорымен, 4Гб оперативті жадысы бар, 1ТБ HDD немесе 256 ГБ SSD бар ноутбуктарды таңдай берсеңіз болады. Бұл жердегі HDD мен SSD айырмашылығын жалпақ тілмен түсіндіре кетейін. SSD жылдам жұмыс істейді. Мәселен, HDD-мен жасақталған ноутбук толық қосылам дегенше 1-2 минут кетті делік. Ал, SSD болса 10-30 секунд аралығында «есін жинап алатын» қасиетке ие. Мұндай ноутбуктер жоғарыда айтқанымыздай 150 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгемен аяқталады.

Егер ноутбук сізге ойын ойнау үшін, видеоредактор, графикалық редакторлар, бағдарламалар жасау сынды салмағы ауыр көлемді бағдарламалармен жұмыс істеу үшін керек болса, процессоры кемінде 4 ядролы Core i5 не бол маса i7, оперативті жадысы кемінде 8-16 ГБ, видеокартасы Nvidia, AMD кемінде 2ГБ, қатқыл дискісі міндетті түрде SSD болғаны дұрыс. Мұндай мінездемесі бар ноутбукты 200 мың теңгеге таба аласыз деп өтірік айта алмаймын. Кемі 250 мың теңгеден бастасаңыз біз айтқан межеге жақындайсыз. Шамамен 350 мың теңге жұмсасаңыз кемі 3 жыл армансыз жұмыс істеуге болатын, ара-тұра ойын ойнап, видеомонтаждар жасауға лайықты агрегат алдым деп есептей беріңіз.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button