Жаңалықтар

Өнегесі мол жоба

Қарағанды қаласы білім басқармасының ұйымдастыруымен биылғы оқу жылында қала мектептерінде «Өнегелі өмір» жобасы қолға алынған еді. Жобаның көздегені – өскелең ұрпаққа танымал тұлғалардың өмірі мен еңбек жолын насихаттау. Осы тұрғыда №8 орта мектепте жоба негізінде тәрбие жоспары түзіліп, бірнеше кездесу ұйымдастырылды.

Бұл жобаның оқушыға берер пайдасы – кәсіптік бағдар беруге үлкен септігін тигізеді. Жастар болашақ мамандықтарын таңдауда көп сергелдеңге түсері сөзсіз. Осы тұрғыда «Өнегелі өмір» жобасының атқарар қызметі өте тиімді. Жоба өз жемісін беруде. Себебі, мектеп оқушылары республикаға танымал, тіпті, әлем мойындаған тұлғалармен бетпе-бет жүздесу арқылы осы бастан өздерін қызықтырған мамандықтарды таңдап, оны меңгеру жолдары туралы біле түсті.

Былтырғы оқу жылында қарағандылық айтыскер Дидар Қамиев, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ доценті, ҚР білім беру ісінің үздігі Жаңбырбай Қағазбаев, суретші Кәріпбек Күйіков және тағы басқа бірнеше азамат қонаққа келген еді. Әр кездесуді оқушылар асыға күтіп, қонақтардың әңгімесін зор ынтамен тыңдады. Көкейлерінде жүрген сауалдарына мағыналы жауап ала алды.

Биылғы оқу жылында жоба өз жалғасын тапты. Осы екі айда қашықтан оқыту форматында жұмыс жасасақ та, онлайн режимінде жұмыс үзілген жоқ. Мұғалімдер күні қарсаңында ардагер ұстаздармен сыр-сұхбат ұйымдастырсақ, Рухани келісім күніне орай корей ұлтының азаматы, «Елдос» тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Анастасия Киммен әдемі сұхбат жүргіздік. Жоба жұмысы жыл сайын өз жалғасын тауып отырса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

А.ЖҰМАТАЕВА,

№8 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button