Майқұдықтың өз стадионы бар

Майқұдықтың 12-ші шағын ауданында орналасқан «Литейщик» стадионы жаңа тыныс алды. Кеңес жылдарында мұнда зауыттың стадионмен аттас футбол командасы болған еді. Екі жыл қатарынан, 1979 және 1980 жылдары «Литейщик» облыс чемпионы атанды. Кейінгі жиырма жылдан астам уақыт бойы стадион жұмыс істемеді. Қараусыз қалған орынның біріне айналды.

Облыс әкімінің бастамасымен стадионда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір мұнда жасанды көгал төселіп, жүгіру жолдары және сегіз тренажер орнатылды. Қоршау салынып, жарықтандырылды. Футболдан ғана емес, жеңіл атлетикадан да жаттығулар өткізуге мүмкіндік бар. Таңертеңгі 9.00ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Стадионға кіру тегін және үйірмелер ақысыз.

Стадион аумағы баскетбол және волейбол алаңдарын орналастыруға мүмкіндік береді. Жақын арада бұл жоспарлар жүзеге асырылуы әбден мүмкін.

– Маған алаң ұнады, – деді «Шахтер» футбол орталығының жаттықтырушысы Петр Асылбаев. – 70-ші жылдардағы ескі стадионмен салыстырғанда, қазіргі қалпы керемет. Мұнда қалалық, аудандық және облыстық жарыстарды өткізуге болады. Осындай керемет сыйлық үшін облыс пен қала басшылығына рахмет. Қала үшін үлкен іс атқарылды.

Стадионның ашылу салтанатына спорт қауымдастығы мен қарағандылықтар шақырылды. Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев рәсімге қатысты.

– Біз спортқа көп көңіл бөлеміз, – деп атап өтті Ермағанбет Қабдолұлы. – Облыс әкімінің бастамасымен биыл ескі стадион жөнделді. «Шеткері аймақсыз қала» тұжырымдамасын ұстану керек. Барлық аудандардың тұрғындары спортпен шұғылдануға мүмкіндік алуы тиіс.
Жаңа алаңды көруге Майқұдық аула клубтарының командалары келді. Олардың капитандарына футбол доптары табыс етілді. Сол күні бірінші жолдастық кездесу өтті. Онда Ермағанбет Бөлекпаев пен Петр Асылбаевқа алғашқы соққы құқығы берілді. Жарыс төрешісі спорт ардагері Виктор Бобров болды.

– Бұрын біз тек мектеп аулаларында ойнайтынбыз, – дейді «Арман» аула клубының ойыншысы Арман Оңдасынов. – Біздің Майқұдықтың өз стадионының пайда болғаны өте керемет!

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.