ЖаңалықтарОблыс әкіміРесми

Сәтбаев қаласындағы қыз баланы ұрлауға қатысты іс Мемлекет басшысының бақылауында

Сәтбаев қаласында бес жасар қызды ұрлау ісі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аймақ тұрғындарына арналған бейне үндеуде хабарлады.

Облыс әкімі күдіктінің ұсталғанын, қазір барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Қыз ата-анасымен үйде. Өңір басшысы баланың денсаулығын үздік мамандар қадағалайтынына сендірді.

– Өкінішке орай, Сәтбаевта оқиға орын алған түні кінәсіз адамдарға зиян келтірілген. Тәртіп бұзушыларды тоқтату үшін жеке құрам оқиға орнына жұмылдырылды. Мен азаматтарымыздың жүрегінде наразылық толы екенін түсінемін және онымен келісемін. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан да эмоцияларымызды ұстап, болған жағдайды құқықтық алаңда қарауымыз керек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Ол сондай-ақ тергеу аяқталғаннан кейін кінәліні қатаң жаза күтіп тұрғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 23 шілдесінде Сәтбаев полициясына бес жасар қызының жоғалғаны туралы ер адам хабарлаған болатын. Іздестіру жұмыстарына жергілікті полиция бөлімінің барлық жеке құрамы мен жүзден астам еріктілер қатысты. Бала түнде көпқабатты үйлердің бірінен табылды. Бұл үлкен шу тудырды.

Қаладағы жағдай тұрақтанды. Қазір Сәтбаев күнделікті режимде өмір сүруде.

Басқа материалдар

Back to top button