24/7: Мобильдік топ кірпік қақпайды
Өмірде қорықпайтын адам жоқ шығар, сірә. Әйтеуір, бірі – қараңғыдан, бірі – судан, бірі – жыбырлаған құрт-құмырсқадан қорқып, зәре-құты қалмай жатады. Қарап отырсаңыз, түрлі фобияларға толы айналамыз. Бірақ, сол қорқыныштарға бой алдыратын адам, айналып келгенде өлімнен қорықпайтын тәрізді. Еті өліп кете ме, әлде «адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» дейді ме, кім білген?! Ауру асқынып, жағдай ушығып тұрғанына қарамастан, санитарлық талаптарға бейжай қарауды жалғастыруда. Осындайда «танатофобияның» да пайдасы бар-ау деген ойға қаласың. Өліп көргеміз жоқ, бірақ індет салдарынан талай отбасының қара жамылып қалғанын көрдік. Бетін аулақ, әрине. Бір күнгі тіршілікке жететіні жоқ. Санитарлық нормалардың сақталуына қадағалау жүргізу мақсатында Қарағанды қаласы әкімдігі жүргізген кезекті рейдте қарағандылықтардың «жанкештілігін» көріп, таң қалмасқа шара қалмады.
Автобустағы «камикадзелер»
Қарағанды қаласы әкімдігінің қызметкері, мобильдік топ құрамындағы Абылай Есенов пен Орталық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы рейдті қалаішілік автобустардан бастағанды жөн көрді. «Абзал» сауда үйінің алдындағы аялдама. Жолаушыдан да, көліктен де аяқ алып жүргісіз қарбалас шақ. Мән бермеді ма, әлде, өз ойларымен өздері әуре ме, жолаушылар автобусқа кіріп келген мобильдік топты әуелде байқмағаны рас. Қоғамдық орындарда, көліктерде, әсіресе адам көп шоғырланатын жерде бетперде киіп жүру керек делінгенімен, «Оңтүстік-Шығыс – Майқұдық» бағытында жүретін №43 автобустағылардың жартысынан көбінде бетперде жоқ. Дәл осы бағытта жүретіндер біледі. Қашан болсын лықа толып, адам аяғы арылмайтын автобустағы адам санын осыдан соң өзіңіз-ақ елестете беріңіз. Мобильдік топтың бұл жолғы мақсаты – айыппұл салу емес, ескерту ғана. Бетперде киіп жүруге ескерту жасалғаннан кейін ғана орындарынан енжар қозғалып, қалталарын қармана іздеуге әрекет еткендер де, ескертуді елемей, отырған қалыпта отыра бергендер де бар. Біразында, тіпті, жөпелдемеде кие қоятын бетпердесі де жоқ екенін киімдерінің жағасымен бет-ауыздарын тұмшалауға тырысқаннан байқауға болады. Коронавирус ел шетіне енді ілігіп, қат болған бетперденің әр данасын 200 теңгеден сатып алғандай емес, қазір кез келген дәріханаға кіре қалсаңыз, толып тұр. Әрі, тұрғындардың өзі оны қолдан тігіп алуды да үйренді. Ендеше, қалтаға біреуін емес, бірнешеуін салып жүруге болатын бетпердені таппай қалу – шынында қызық. Жолаушылар ауру жұқтырамын деген қорқыныштан емес, БАҚ өкілдерінің камераларына ілігіп қаламын ба деген қорқыныштан бет-ауыздарын тұмшалаған тәрізді. Қала ішінде жүретін бірнеше автобусқа кіріп, ескерту жасап шыққан мобильдік топ Қарағандыға жақын орналасқан қалаларға жүретін автобустардың жолаушыларына да ескерту жасады. Онсыз да санитарлық талаптар сақтала қоймайтын көліктерде бетперде кигендері некен-саяқ. Осыдан соң ауру жұқтырудан да, ауру салдарынан болатын қайғылы жағдайдан да қорықпайтын жолаушыларды «камиказде» демеске лаж жоқ.
«Бетперде киіңіздер!»
Келесі бағыт – ойын-сауық мекемелері, яғни, қаланың қақ ортасында орналасқан мейрамханалар. Пандемия кезінде жұмысын тоқтатып, тұралап қалған кәсіпкерлер қазір Аshyq қосымшасына қосылып, жұмысын кедергісіз жүргізеді. Тек, санитарлық нормаларды сақтаса болғаны. Бәрі сол «тек» дегеннен басталады. Нұркен Әбдіров даңғылы бойында орналасқан Zira мейрамханасының қызметкері мобильдік топты көрген бетте рация арқылы «Бетперде киіңіздер!» деп хабарлап үлгерді. Заңды елемейтін менмендік па, әлде, сасқаны ма, кім білсін, әйтеуір өздерінің санитарлық нормаларға бейжай қарайтынын осылай білдірді. «Сезікті секірер» демекші, аталған мекеменің әкімшісі де журналистерге «азу тісін көрсете» шықты. Өзін камераға түсірмеуді талап еткен ол бір жерден көзі шалғаны бар ма, әлде шынымен білетіні бар ма, кім білген, әйтеуір, «БАҚ туралы» Заңға сүйеніп, ашық тартысқа түскісі келгендей. Білер, мейлі білмес, бірақ заң соққан әкімші санитарлық нормаларды қалай білмей қалды деп мобильдік топ мүшелері де таң-тамаша. Хош, ескерту жасалды. Бұл күнгі рейдтің мақсаты да осы еді. Келесіде қалай боларын кім білген?!
Осы даңғыл бойында қарағандылықтарға аты таныс «Мой Тбилиси» мейрамханасы. Аshyq қосымшасында көшбасшылардың бірі ретінде танылған аталған мекеменің қызметкерлері мобильдік топты ашық-жарқын қарсы алды. Мейрамхана әкімшісі Ұлықбек Кәрімжанов өздерінің санитарлық нормалар бойынша жұмыс істейтінін, әр келуші Аshyq қосымшасы арқылы өтіп, Қаулыда жазылғандардан ауытқымайтындарын жеткізді. Мобильдік топ бұдан кейін де «Три медведя», «Арт-кафе», «Мята Lounge» тәрізді мейрамханаларға бас сұғып, заңның да, санитарлық нормалардың да бұзылуы байқалмағанына шүкіршілік етіп, қайтты.
– Рейд барысында санитарлық, яғни, бетперде кию, арақашықтықты сақтау, шектелген уақытпен жұмыс жасау тәрізді нормаларды сақтамайтын мекемелерге тексеру жүргіздік. Заң бұзушылық көп жағдайда демалыс кездері мен түнгі уақытта болады. Бірақ, рейд жұмыстары түнде де жүретін болғандықтан, бассыздыққа жол беріп, жауапкершіліктен құтыламын деуден аулақ болған дұрыс, – дейді Абылай Есенов.
Салтанат ІЛИЯШ.