Жаңалықтар

Шапанға – шетел ынтық

Тігінші Эльмира ЕРЖАНОВАНЫ Жаңаарқа жұрты ғана емес, ел жақсы біледі. Шапанына Қазақстаннан бөлек, сырт елден де тапсырыс түседі. Иә, таң қалатын түгі жоқ, Германия, Қырғызстан, Моңғолиядан тапсырыс алып, тап-тамаша тігіп береді. Бұл кәсіпті дөңгелетіп келе жатқанына он жылдан аса уақыт өтті, жолын да тапты, қолы да жаттықты. Былайша айтқанда, өзінің брендін қалыптастырды.

Суреттерді түсірген автор

Кейінгі жылдары Жаңаарқа қымызын ғана емес, шапанын да брендке айналдырды. Қазір дүкеннің дайын дүниесіне емес, шебердің қолымен тігілген ұлттық киімдер сұранысқа ие. Былай қарасаңыз, тігіншілердің де санынан шатасуға болады. Бұл бірден болмаса да, ақырындап ұлттық шапанымыз насихатталып келе жатыр деген сөз. Ал, біздің кейіпкеріміз Эльмира ханымның өзіндік қолтаңбасы бар. Сондықтан болар, өніміне ешкім мін тағып, сын айта алмайды. Осы уақытқа дейін шапанына көңілі толмаған тапсырыс берушінің болмағанын – біз сапасына берілген баға деп ұғамыз.

Әңгімені әріден қозғасақ, Эльмира ханымға қанмен дарыды бұл шеберлік. Анасынан көріп, тон пішті. Мәриям анасы дәрігер бола жүріп, тігінмен де айналысыпты. Әсіресе, қыздарға көйлек тігу – сүйікті ісіне айналыпты. Талдың көлеңкесін саялап, қол машинкамен көп дүниені өндіріп тастайтын көрінеді. Соның бәрін Эльмира көріп өсті. Ол кісі өлшем алмай, көз жобасымен пішетін көрінеді. Сонысы сарт ете қалады. Бұл қасиет те қызына қонған. Алыстағы тапсырыс берушілерден тек, күртесінің өлшемін білсе болды, сонымен зырылдатып тігіп шығады. Шапаны өзіне құйып қойғандай болса, тапсырыс беруші қайдан разы болмайды? Тағдыр жазмышы сол, анасынан ерте айырылады. 13 жастағы Эльмираға анасының көзі болып, сол мәшеңке қалады. Сағынышын содан басады бала жүрегі. Ісмерлік асыл анасынан осылайша аманат болып қалған…
Бастапқыда құрақ көрпе, кейіннен қыз жасауын тіккен Эльмира шебердің бірыңғай шапан тігуді бір ізділікке қойғанына он жылдан аса уақыт өтіпті. Ұлттық киімнің алғашқы жылдағыдай емес, қазір сұранысқа ие екенін айтады өзі. Айына 50-ге жуық, кейде одан көп шапан тігеді. Көбіне ерлердің шапанын.

Үйінің алдында шағын цехы бар. 4-5 жыл қол мәшеңке арқылы құрақ көрпелерді тігеді. Шапанға ден қойғаннан бастап 60 мың теңгеге тоқ мәшеңке алдырады. Ал, қазіргі «Jack» тігін машинасын осыдан екі жыл бұрын 125 мың теңгеге алдырыпты. Цехтың негізгі жүрегі – осы. Онымен қоса, ою-өрнек салатын «Memory Craft 550Е» атты құрылғысы да үлкен жұмыс атқарып тұр қазір. Мұны Алматыдан 800 мың теңгеге алған. Онлайн курс арқылы қалай пайдалану керектігін оқып, меңгерген. «Оюды қолмен жабыстырғаннан гөрі, осы аппаратпен матаға өрнектеген әлдеқайда сапалы әрі жинақы көрінеді» дейді шеберіміз.

Сөз басында айттық ғой, шапаны шетелге шығып жатқанын. Германиядағы қазақтар неміс құда-құдағиына шапан сыйламақ болып, «Instagram» желісі арқылы Эльмира ханымның көз тартар туындыларын табады. Бірден жекесіне жазып, тапсырыс береді. Бұл жайлы ол кісілердің өзі бізге былай жеткізді:

Неміспен құда болдық осыдан екі жыл бұрын. Содан өзіміздің жоралғымызбен құда мен құдағиымызға шапан жаппақ болдық. Жай шапан емес, ерекше болсын деген ниет те қазіргі қазақы шапан. Содан әлеуметтік желі арқылы біраз іздедік. Эльмира ханымның қолынан шыққан туындыларды көзіміз шалып қалды. Өзіміз алыстамыз. Бірақ, сенім арттық. Тапсырысымыз 15 күн ішінде келді. Тік жағалы, сырып тігілген. Сөзсіз ұнады. Неміс құдаларға таңсық ғой, ерекше ұнады ол кісілерге. Алдағы уақытта да тапсырыс беретіндерін айтты. Міне, әлі киіп жүр Германияда сол шапанды. Біз де тіктіріп алдық. Өте ыңғайлы. Эльмира ханымның қолы дерт көрмесін, – дейді Германиядағы тапсырыс берушілер.

Міне, осы секілді айырқалпақты ағайындар да жиі тапсырыс береді Эльмира ханымға. Себебі сол, сапасында, дизайн ерекшелігінде. Дизайн демекші, тігіншінің де үнемі ізденісте болу керектігін айтады Эльмира.

– Интернет кеңістігі арқылы көп оқып, көп қарау қажет. Түрлі ою-өрнектерді сызу керек. Бір сарынмен тіге беруге болмайды. Жаңашылдық керек. Сонда ғана өз брендіңізді қалыптастырасыз, – дейді ісмер.

Алға қойған мақсаты да – ауқымды. Сол үшін де табандап тұрып еңбек етуде. Құстың ұясындай ғана цехын ұлғайтқысы келеді. Енді, қыз жасауын, той қоржынын және атқа жабу тігуді қолға аламын деп отыр. Және екі-үш келіншекті жұмыспен қамтимын дейді.

Эльмира ханымның негізгі көмекшісі өзінің – енесі. Бір жарасымдылығы, ене мен келін емес, анасы мен қызы сияқты. Көргенде сүйсінесіз де, «тіл-көз тасқа» дейсіз. Марияш анасы ас-суын дайындап отырады. Эльмира шебердің төрт баласы бар. Қыздары да жиі қолғабыс етеді. Бірақ, Эльмира ханым іс тігудің ауыртпашылығы көп дейді. Мойын, екі жауырын, көзіңіз талады. Сол себепті де, қыздарының тігіншілікпен айналысуына қарсы, оқығанын қалайды.

Иә, күні-түні цехында. Көз майын тауысады. Алайда, қанша қалжыраса да, іс тігіп, күш жинаймын дейді. Айтпақшы, көпбалалы аналарға, тұрмысы төмен отбасыларға жеңілдікті жиі жасайды, көп жерде демеушілік те көрсетеді. Жомарттығымен де танылған Эльмира ханымдікі – нағыз еңбек.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button