Жаңалықтар

Қаржылық сауатыңыз қай деңгейде?

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық қызметтерді пайдалана білу жөнінде ел арасында зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, респонденттердің үштен бірі ғана қаржылық сауаттылық бойынша берілген сауалнамаға дұрыс жауап берген. Кәсіби экономикалық терминологияны және банк ұсынатын шарттарды білмейтін респонденттердің қатарына зейнеткерлер, студенттер мен үй шаруасындағы әйелдер кіреді екен.Сауалнама барлық өңірде жүргізілген. Кәсіби қызметі тұрғысынан алғанда бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері (7,5%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (8,1%), жеке компаниялардың қызметкерлері (7,2%), жеке кәсіпкерлер (6,4%), студенттер (1,9%), зейнеткерлер (1,8%), уақытша жұмыс істемейтіндер (0,68%), басқа да мамандық өкілдері (64,2%) қатысқан.

Қазақстан халқының қаржылық сауаттылық индексі 2020 жылмен салыстырғанда 0,45 тармаққа ұлғайып, 2021 жылы 39,52%-ды құрады. 2020 жылы бұл көрсеткіш 39,07% деңгейінде болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өлшемдері ескерілетін қаржылық сауаттылық индексін есептеу әдіснамасы мынадай үш көрсеткішті талдауды қамтиды: жеке қаражатын басқару, қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану және халықтың қаржы жүйесі туралы білім деңгейі.

«Осы орайда қаржылық қызметтерді пайдалана білу көрсеткіші бойынша неғұрлым жоғары деңгей Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Ең төмен көрсеткіш – Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Жамбыл облыстарында. Сауалнама нәтижелері респонденттердің арасында танымал қаржылық қызметтер мен өнімдерді анықтады: бұл тауар кредиті (37,4%), ағымдағы шот (32,6%), банк депозиті (29,3%). Танымалдығы төмен – зейнетақы аннуитеті (1,08%), білім беру депозиті (0,72%), акциялар, облигациялар және инвестициялық ұпай қоры (0,16%). Ерекше танымалдыққа, әсіресе, Covid-19 пандемиясы кезеңінде жеке және заңды тұлғалар үшін интернет және мобильді банкинг ұсынуға байланысты банк қызметтері ие болғанын атап өткен жөн», – делінген агенттік мәліметінде. Гендерлік көрсеткіш бойынша ер адамдардың әйелдерге қарағанда қаржылық қызметтерді пайдалану дағдылары анағұрлым жоғары. Зерттеу нәтижесінде орта жас (25-тен 45 жасқа дейін) өкілдері әртүрлі қаржылық қызметтерді жиі пайдаланатыны байқалған.

«Жалпы алғанда, зерттеу кейбір респонденттердің қаржылық қызметтердің сараланған жиынтығымен жақсы таныс болмаса да, қаржылық қызметті таңдау процесіне егжей-тегжейлі қарап, шартты мұқият зерттей бастағанын көрсетті. Мәселен, респонденттердің 44,9%-ы шартқа тек оны оқып, барлық жағдайларын түсіндіргеннен кейін қол қояды, менеджерлерге қосымша сұрақтар қояды және талаптарды зерттейді. Ал респонденттердің 21,8%-ы сұрақсыз қол қояды, өйткені мұның бәрін түсіну оларға қиын», – делінген зерттеу деректерінде.

Айта кетейік, 2021 жылы зерттеуге 10 000 респондент қатысқан. Олардың ішінде 18 жастан 29 жасқа дейінгі (23,08%), 30 жастан 49 жасқа дейінгі (62,32%), 50 жастан 63 жасқа дейінгі (12,32%), сондай-ақ 63 жастан асқан (2,28%) әйелдер (58,8%) де, ер адамдар да (41,2%) бар.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button