Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің биылғы 17 қазандағы №114 санында жарық көрген «Бәсекелестіктегі бассыздықтар басылымдарға қауіп төндіріп тұр» деген мақала қолыма қалам алғызды. Мақала авторы Қызғалдақ АЙТЖАН көкейкесті мәселе көтерген екен. Бұл біздің де жарамызды тырнап кетті.
100% мемлекеттік үлестегі Жезқазғандағы «Дидар» телеарнасы да осындай бассыздыққа душар бола жаздады. Әрі тартып, бері тартып, азын-аулақ ақшамызды шілденің соңында алдық. Сөйтсек, тендер өткізу тәртібіне миға қонбайтын өзгерістер енгізіліпті. Кім аз қаржы сұрап, «мемлекеттік тапсырысты толық көлемде орындаймын» деп антсу ішсе, жеңіс соныкі екен. Ең сұмдығы – кез келген қаладан келіп, додаға түсуге болады. Мәселен, Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімі жариялаған конкурсқа Қызылорда мен Қарағандыдағы, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы, тағы басқа өңірлердегі ақпарат құралдарының өңеш созып, табыс табуына мүмкіндік беріліпті.
Қандай газет, қандай телеарна бәйгеге түсіп жатыр. Ол жағына назар аударылмайды. «Баға саясаты» (ценевая политика) орындалса, бопты…
ААталған мақалаға өзек болған «Қарқаралы», «Қаражал» газеттерінің алдын орап, Қарағанды қаласындағы жекеменшік «Новый Вестниктің» жеңімпаз атануы жоғарыдағыдай жолмен орындалған тәрізді. Сол «жеңімпаз» қасиетті өңірлерден қанша материал дайындады екен?! Мемлекеттік тапсырысты қандай тәсілмен, қаншалықты игерген екен?!
Бұл жерде мен жаңағы басылымдардың құрылтайшыларын, яғни, ішкі саясат бөлімдерін жазғырып отырған жоқпын. Тек, мемлекеттік саясатты жергілікті жерде жүргізуге, насихаттауға ұзақ жылдар орасан еңбек сіңіріп келген газеттердің баға саясатына бас игені қынжылтады. Осыдан бәсекелестіктің бағы жанды ма? Коррупциялық қауіп сейілді ме? Тендердің талаптары орындалғанмен, өз күнін өзі көріп жүрген, мамандарды да өздері даярлайтын қаламгерлер ұжымдары жерге қарап қалмауы тиіс еді. Бірнеше ай бойы жалақы алмаған журналистердің жай-күйі туралы сөз қозғамай-ақ қояйын…
Дәл осындай сергелдең «Дидар» телеарнасында да белең алды. Сөйтіп, салық төлеуге, құралжабдық алуға жинақтаған табысымыз жалақыны жабуға жұмсалды. Тіпті, бұл мәселені толық шешу үшін жеке адамнан өлердегі сөзімізді айтып, 10 млн. теңге қарыз алдық. Қайтара алмай жүрміз. Жауапты тұлғалар жарнаманы көбейту жайлы кеңес беруден әрі аспай отыр. Ашып айтсақ, жарнаманың күні баяғыда, тіпті, індетке дейін өтіп кеткен… Әсіресе, шағын қалаларда. Сондықтан, Президенттің Жолдауын жеткізе насихаттауға, билік пен бұқараның ойын үйлестіруге қаржы қарастырылуы керек. Тағы сайлау келіп қалды… Ендігі еститініміз, «жыл бітуге жақындағанда неге жылап отырсыңдар?» деген уәж болмаса игі.
Кезінде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын сатып жіберуге тыйым салып, Үкімет Қаулысын өзгертуге ықпал еткен еді. Мұны бірнеше министрліктер, облыс, аудан, қала әкімдері бірауыздан қолдаған еді. Сөйтіп, еліміз бойынша осындай мемлекеттік саяси маңызы зор іс-шара қабылданып, басымыз аман қалған. Демек, сол министрліктер, әкімдіктер ақпарат құралдарына арналған тендер талаптарына қайта оралса, жөн шығар… Қаржы бұрынғыдай «бір көзден» бөлінсе, тіпті, жақсы.
Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарына баға жетпейді. Әлемнің мазасы кетіп, біраз ел береке-бірлігінен айырылған тұста, әр жерде соғыс өрті өршіп, жер-жаһанды індет шарпыған кезде мемлекеттік газет-журналдар мен телеарналарды жүдетпеуіміз керек. Қайта жергілікті әкімдіктер олардың алаңсыз жұмыс істеуіне толық жағдай жасағандары жөн. Өйткені, әлеуметтік желілер мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының ролін атқара алмайды…
Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы