Қорқынышқа бой алдырмау керек
Ауырып қалған адамның бірінші баратын жері – емхана. Мұндағы учаскелік дәрігерлер науқастың шағымын тыңдап, дертіне диагноз қояды. «Коронавирус инфекциясын жұқтырып алдым» деп келетін емделушілерге емдік жағынан да, психологиялық жағынан да көмек береміз.
Әуелі келген адамның жалпы сау лығын, вирус белгілерінің бар-жоқтығын тексереміз. Егер жөтел, ыстық көтерілу, ентігу сияқты белгілері болса, онда ол адамды емханадағы арнайы фильтр кабинетіне жібереміз. Ол жерде дәрігерлер келген адамның жағдайына қарай қосымша сараптамалар жасайды. Арнайы пульсоксиметр аппараты арқылы сатурациясын тексереді. Аппараттағы 95 деген көрсеткіш жақсы дегенді білдіреді. Қосымша созылмалы аурулары болса, ПРТ талдауы алынады. ПРТ нәтижесі екі-үш күнде дайын болады. Оған дейін хаттама бойынша науқасқа вирусқа қарсы, қызу түсіретін препараттарды жазып беріп, үй карантиніне жібереміз.
Ол кісіге үй карантині ашылып, учаскелік дәрігердің тұрақты бақылауына беріледі. Үш күннен кейін талдама нәтижесі оң болса, ол адам он төрт күндік карантинге кетеді. Оныншы күні қайтадан ПРТ талдамасын аламыз. Оның нәтижесі бойынша вурус анықталмаса, жағдайы жақсы болса, үй карантині жабылып, адам жұмысқа шыға беруіне болады. Инфекция әлі анықталмаған жағдайда немесе коронавирустың жеңіл түрінде антибиотиктерге жүгінуге болмайтынын ескертеміз. Бұл керісінше, сіздің ағзаңызға кері әсерін тигізуі мүмкін. Инфекция жұқтырған адаммен бай ланыста болған не болмаса вирус белгілері бар адамдарға ең әуелі қорықпаңыздар дегіміз келеді.
Қорқыныш орын алған жағдайды нақты бағамдауға кері әсерін тигізеді. Аты қорқынышты болғанымен ол ЖРВИ бір түрі екенін есте ұстау керек. Дәрігердің нұсқауын орындап, дәрілерін қабылдап, жақсылап тамақтанып, ойын жақсы жаққа қарай бұру қажет. Тұмаудың барлық түріндегідей, сұйықтықты көп ішкен дұрыс. Бастысы жазылып кететініне сенуі қажет. Емханадағы фильтр кабинеттеріндегі дәрігерлер арнайы қорғаныш киімін киеді. Ол бір реттік. Күнделікті осындай киіммен жұмыс жасаймыз. Біз өзіміз де вирус белгілері білінген жағдайда вирусқа қарсы дәрілерді, дәрумендерді ішеміз. Науқастанып қалған бірқатар әріптестерім де жоқ емес. Үйде отбасымыз бар.
Оларға ауру жұқтырып алу тәуекелінің бар екенін жақсы түсінеміз. Алайда, мүмкіндігінше адамдарға кө мек көрсету керек. Қазіргі таңда вирус жұқтырғандар қатары азайып келе жатқаны байқалады. Алдыма келетін емделушілердің бірді-екілісінде ғана вирус анықталды. Бұл қуантарлық жағдай деп ойлаймын. Осы ретте коронавирус инфекциясынан қорғанудың тікелей жолы – тазалық сақтау екенін тағы бір мәрте еске салғым келеді. Әрдайым қолды сабындап жуып отыру керек. Үйге кірген бетте сырт киімді шешпестен қолды 20 секунд сабындап жуған абзал. Содан соң сырт киімді шешіп, балконға бірнеше сағатқа шығарып қойыңыз. Вирусты күн сәулесі өлтіреді. Кейін тағы да қолыңызды жақсылап сабынмен жуыңыз. Ал далада жүргенде адам көп шоғырланған жерден аулақ болғаныңыз абзал. Арақашықтықты сақтай біліңіз. Өзіңізбен бірге дымқыл сүлгі немесе антисептик алып жүріңіз.
Бұл әсіресе, балаларға қажет. Балалар ойын алаңында барлық нысанды ұстап шығады. Сосын сол бетте балмұздақ жеп немесе сусын ішіп тұрғанын көремін. Бұл дұрыс емес. Вирус бала ағзасына әсер етпеуі мүмкін, бірақ үйде үлкен адамы бар отбасыларға қауіп көзі болуы мүмкін. Сондықтан, әуелі өздеріңіздің, сосын балаларыңыздың қолының тазалығына қатты мән берулеріңізді сұраймын. Ауырмаңыздар, сақтық шараларын сақтаңыздар!
Арайлым ЖЕКСЕЙКИНА,
Қарағанды қаласы №1 емханасының учаскелік дәрігері.