ЖаңалықтарҚарағанды

Білім игеруге – байыпты қадам

Келесі жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына берілмек. Тиісінше, мектеп пен балабақшаның мәселесі де облыстың бақылауында болады. Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ  айтуынша, өзгерістер министрліктен бастап әр мектеп пен балабақшаға дейінгі «жолды» қысқартады.

– Қазір аудандық және қалалық білім бөлімдері (мектептер мен балабақшалар) жергілікті әкімдікке қарайды. Сәйкесінше, қаржыландыру мәселесі сол аудан мен қаланың мүмкіндіктеріне (бюджетіне) тікелей байланысты. Алдағы уақытта ауылдағы мектепке жөндеу жұмыстары қажет болса, мектеп директоры аудандық білім бөліміне жүгінеді. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы аудан әкіміне емес, бірден облыстық білім басқармасына өтініш жіберетін болады, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің сөзіне сүйенсек, соңғы жылдары білім саласына қатысы жоқ адамдарды басшылық лауазымдарға тағайындау фактілері жиі кездесуде. Сондықтан, алдағы уақыттың еншісінде білім бөлімдерінің басшыларын аудан және қала әкімдері емес, облыстың білім басқармасының басшысы тағайындайтын ереже дайындау міндеті тұр. Білім және ғылым министрлігінің (БҒМ) талаптарына сәйкес олар іс-тәжірибелік және функционалдық дағдылары бар кадрлар, білім беру жүйесінде төменгі басшылық лауазымдарда жақсы тәжірибе жинаған мамандар болуы тиіс. Осы орайда басқару жүйесін өзгерту және білім бөлімдерін мектептермен және балабақшалармен бірге облыстық деңгейге беріп, аудандық және қалалық білім бөлімдері мен білім басқармаларының басшыларын тағайындау мен жұмыстан босатуды БҒМ-мен келісу туралы нормасы енгізіледі. Бұл жалпы білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға септігін тигізуі тиіс.

– Ашық айту қажет, қазіргі уақытта аудан мен қала әкімдіктеріне бағынатын мектептер мен балабақшаларға Білім басқарламалары іс жүзінде әсер ете алмайды. Басқармалардың құзыретінде колледждер, дарынды және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 5-10 мектеп, балалар үйі, психологиялық-педагогикалық-медициналық кеңес бар. Енді мектептер мен балабақшалар бір орталықтан басқарылса, қаржыландыруды теңестіру және арттыру проблемалары кешенді түрде шешілетін болады, – дейді министр.

Бастамалар әзірге облыстық білім бөлімдерінің басшыларын тағайындап, білім бөлімдерін облыстық басқармаларға беру жөніндегі нормаларға негізделіп, Білім және ғылым министрлігімен келісілуге бағытталып отыр. Алдағы уақытта, осы бағыттағы келесі қадамдар ретімен қолға алынбақ.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button