Қарағанды

«Күнгейдің» Сәулесі

Қарағанды қаласының «Күнгей» шағын ауданында балалар алаңы ашылды. Жеке сектордағы балалардың бос уақытын өткізуге арналған алаңды жеке кәсіпкер Сәуле ДҮЙСЕМБАЕВА өз қаражатына жасатыпты.

Балалар алаңы сол ауданның бүлдіршіндеріне өте қолайлы болып отыр. Себебі, бұл жер алғашқыда қа­раусыз жатқан. Алаңдағы көп бөлшектерді тұрғындар өз қолдарымен жасаған. Шілде айының басында балаларға түрлі сыйлықтар таратылып, ашылу рәсімін ұйымдастырған. Тек қана жақын үйлерден ғана емес, сонымен қатар маңайдағы көшелерден де балалар келіп ойнайды екен.

– Балалар ойнап, бір-бірімен араласуы керек. Өкінішке орай, жеке секторда ол мүмкін бола бермейді. Сауықтыру-спорт алаңдары жоқ. Сондықтан, барлық балалар гаджеттермен үйде көп уақыт өткізуге мәжбүр. Оның үстіне қазір карантин кезінде барлық ойын-сауық және дамыту орталықтары жабылды, – дейді Сәуле.

«Әркез билікке қарап ауыз ашып отыру дұрыс емес. Біздің отбасымыз «Күнгейде» бесінші жыл тұрады. Соңғы уақытта шағын ауданның дамуына үлкен көңіл бөлінуде. Жолдар салынуда. Ауланы абаттандыру біздің де қолдан келеді» дейді кәсіпкер.

Көрші тұрғындардың айтуынша, бұл маңай кезінде қоқыстан көз ашпайтын болыпты. Көктемде Сәуле жұбайымен аумақты тазалап, көгалдандырып, гүлдер мен бұталар отырғызыпты. Содан кейін балалар алаңын салу ойға келген.

Сәуле белтемірлер мен әткеншектерді арзан және сапалы дайындайтын жергілікті өндірушілерді тауып, солардың көмегіне жүгінген.

Алаң жолдың жиегінде болғандықтан, бетоннан қоршау салып, балалардың қауіпсіздігін де есінен шығармапты.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button