Коронавирус

Мейірімді медбике

Ақ халатты абзал жандардың жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Олардың адамдарға сүйіспеншілікпен қарауы да маңызды. Мұны Балқаш қаласындағы орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің медбикесі, жуырда ғана Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған Шолпан ЖАҢАБЕРГЕНОВА жақсы біледі. Сондықтан болар, жылы жүректі медбике дертіне шипа іздеп келген науқастың жан-дүниесін түсінуге тырысады.

COVID-19 індетімен күрес кезінде жауапкершілік еселеп артты. Асыл жары мен үш балапанын айлап көрмеді. Өз жанын шүберекке түйе жүріп, өзгелерге қол ұшын берді. Қиындығы көп болғанымен, міндетін абыройлы атқаруды парыз санайтын оның әр күні қарбаласқа толы. Таңнан кешке дейін дамыл жоқ. Әр емделушінің денсаулығы үшін алаңкөңіл.

Адамдарға қамқор болуды кішкентай кезінен санасына сіңіріп өскен Шолпанның орта мектепті тәмамдағанда таңдауы медицинаға түсті. Балқаш медициналық колледжінде білім алып, қосымша негізде оқып, сертификат алды. Ол кәсіби міндетін адал атқаруға ант етті. Індетпен күресте алғы шептен көрінген медбике табандылық танытып, жерлестерінің құрметіне бөленді.

– Науқастарға көмектесу – парызым. Қауіпті індет жұқтырған науқастарды емдеуге атсалысып жатырмын. Ата-анам, отбасым қатты алаңдады. Өзімде де үрей болғаны рас. Ем-дом жүргізгенде сырқаттармен тікелей қарым-қатынаста боламыз. Бір ай отбасынан жырақта өмір сүруге тура келді, – дейді Шолпан Сағатбекқызы.

Мейірімді медбикенің еңбегін әріптестері де жоғары бағалайды. Жұмысына тиянақты маман ұжымда – сыйлы, науқастарға – қадірлі. Мемлекеттік марапат – майталман маманның маңдай тері мен адал еңбегенің еленгені.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button