Жаңалықтар

ЖІГЕРЛІ ЖАСТАР – ел қазынасы

Жастық шақ – тұлға болып қалыптасудың, арман мен үміттің кезеңі. Біздің облысымыздың әрбір бесінші тұрғыны – 30 жасқа дейінгі жастар. Биылғы есеп бойынша Қарағанды облысында 14-28 жас аралығындағы 266 081 жас азамат тұрады. Қала жастары – 205 696 адам (77,3%), ауыл жастары – 60 385 адам (22,7%). Қазіргі заманғы қарағандылық жастар – жақсы білім алуға, өздерінің дарынын көрсетуге ұмтылатын, алдарына нақты мақсаттар қойып, ең бастысы жетістікке жету жолдарын айқындай алатын азаматтар. Дегенмен, бүгінгі күні жастар мәселелері мейлінше маңызды.

Ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша жастар саласындағы басты мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінгендігін атап өткім келеді.

Бүгінгі күні негізгі мәселелер болып NEET үлесі (2020 ж. 1 тоқсаны – 12,0%) және жастар жұмыссыздығының деңгейі (2020 ж. 1 тоқсаны – 5,3%) саналады. Осы жағдайды тұрақтандыру мақсатында облыс бойынша 2020-2021 жылдарға арналған жастар арасында теріс әрекеттердің алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Жас буынды әлеуметтендіру үшін негізгі бағыттар бойынша шаралар қабылдануда: олар – жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікті қолдау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының әрбір төртінші қатысушысы – жастар. Жыл басынан бері 6 031 жас азамат жұмыспен қамтылды. Жастар тәжірибесімен 491 жас адам қамтылды. Бос жұмыс орындарына 3 309 жас жұмысқа орналастырылды; 217 әлеуметтік жұмыс орны құрылды және қоғамдық жұмыстарға 2 014 жас жіберілді.

«Дипломмен – ауылға!» жобасы және «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» («Серпін») мемлекеттік білім беру бағдарламалары аясында өңірлерде кадрлар тапшылығы мәселесі шешілуде. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша биылғы жылы 379 маман көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несие алды. Оның 79,2% немесе 300 адамды 29 жасқа дейінгі жас азаматтар құрайды. «Серпін» бағдарламасы бойынша оқыған ЖОО-ның 899 түлегінің 71% жұмысқа орналастырылды немесе 637 адам, соның ішінде, облыс бойынша 205 адам. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып жатыр.

Жастар «Жасыл ел» қозғалысында белсенді. Сарбаздардың қызметін қамтамасыз ету үшін облыстық және өңірлік штабтар құрылды. Бірінші маусымда 330 адам жұмыс атқарды. Бүгінгі таңда 9 құрылыс компаниясы 36 бос жұмыс орнын ұсынды.

Жаңа жұмыс орындарын ашу және жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіби мамандар даярлау сияқты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде жастар бизнесін дамыту маңызды роль атқарады. Жастар бизнесі – шағын кәсіпкерліктің маңызды сегменті. Жас буын өкілдерінің бойында инновациялық белсенділік пен ойлау, жоғары мобильділік, жаңа нарықтарды тез игеру секілді басты қасиеттер бар.

Сондықтан, жыл сайын қала және ауылдағы жас кәсіпкерлерді қолдау мен дамытуға бағытталған облыс әкімінің гранты беріледі. Ағымдағы жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жалпы сомасы 100 млн. теңгенің 100 гранты бөлініп отыр (2019 ж. – 10 грант, 10 млн. теңге).

Биылғы жылдың 10 шілдесінен 10 тамызына дейін алғашқы 50 млн. теңгені құрайтын гранттарға конкурс басталды. Облыс жастары өздерінің әлеуметтік жобаларын ұсынуда белсенділік танытуы тиіс. Биылғы жылы облыста «ZhasProject» жобасын іске асыру басталды. Басты мақсаты – жастарды қоғамдастық өміріне тарту, сондай-ақ оның игілігі жолында қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту арқылы өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту. Аталмыш жобада қатысушылар оқу бағдарламасынан өтеді, ай сайын әлеуметтік шәкіртақы алады және жеке кәсібін ашуға 1 млн. теңгеге дейін гранттар алуға мүмкіндік беріледі. Жалпы облыс жастары тарапынан 646 жоба әзірленіп, 3 мыңнан астам адам ұсыныс берді. Оның ішінде, 155 жоба немесе 527 қатысушы грант ұтып алды.

Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға орай, жастар арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ақпараттық роликтерді танымал әлеуметтік желілерге орналастыру арқылы жүзеге асырылуда. Онда жастардың қызығушылығына қатысты қолданыстағы бағдарламалар мен жобалар туралы, еріктілер жұмысы мен еріктілер қозғалысы туралы бейнероликтер орналастырылған. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердегі ақпараттық материалдар мен бейнероликтерді 100 мыңнан астам жас азаматтар қарады.

Облыс аумағында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша 2017- 2019 жылдарға арналған кешенді жоспар жүзеге асырылды. 2017-2019 жылдар аралығында мемлекеттік тұрғын үй қорынан 333 пәтер немесе жоспардан 149% (жоспар – 224 пәтер) бөлінді. 2019 жылы 82 пәтер бөлу жоспарланған, іс жүзінде 133 пәтер берілді (162%). 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 25 пәтер (Қарағанды – 2, Приозерск – 2, Саран – 12, Теміртау – 2, Ақтоғай – 1, Бұқар жырау – 3, Шет – 3) берілді.

Кешенді жоспарды жүзеге асырумен қатар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі олардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы арқылы шешіледі. Ағымдағы жылы барлық қаржыландыру көзінен 600 мың шаршы метр тұрғын үй енгізу жоспарлануда, соның ішінде, мемлекеттік қаражат есебінен 114 897 шаршы метр (2 083 пәтер) кезекте тұрғандарға беріледі.

Жастар жылының басты оқиғасы ретінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 3-ші әлеуметтік бастамасы «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» аясында ЖОО және колледждер студенттері үшін жатақхана құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Аталмыш бастаманы жүзеге асыруға Қарағанды медициналық университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжі белсене қатысуда. 2020-2021 жылдары 1 032 орынға арналған 4 жатақхана қолданысқа берілетін болады.

Жастармен жұмыстың тиімді тетіктері сәтті енгізілді. Мысалы, облыстық жас ғалымдар кеңесі белсенді жұмыс істей бастады, ғылыми-зияткерлік клубтар, зерттеу жұмыстары мен жастар стартаптарына арналған алаңдар құрылды.

2020 жыл Волонтерлер жылы деп жарияланғаны белгілі. Президент «Волонтерлік – қоғамға қызмет ету патриотизмнің бір көрінісі» деген болатын.

Біз «Birgemiz» Волонтерлер жылын өткізудің іс-шаралар жоспарын әзірледік. Жұмыс 7 негізгі бағыт («Bilim», «Saulyq», «Sabaqtastyq», «Taza Qazaqstan», «Asyl mura», «Qamqor», «Umit») бойынша ұйымдастырылған. «Saryarqa Jastary» облыстық волонтерлер штабының (240 волонтер) қызметі жүзеге асырылуда.

Төтенше жағдай және карантин кезінде волонтерлер мұқтаж жандарға белсенді көмек көрсетті, 14 мыңнан астам отбасы немесе 65 700 адамды қамтыған 778 акция өткізілді.

Мұқтаж жандарға 43 млн. теңгенің азық-түлік себептері, 107 тонна азық-түліктер, санитарлық-гигиеналық және тұрмыстық заттар таратылды.

Алдағы уақытта мемлекеттік органдар, аудан және қала әкімдері және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен маңызды істер баршылық. Жастарды облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді тарту, жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсетуді күшейту – жоспарда. Жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, соның ішінде оқыту, қайта даярлау немесе біліктілігін арттыру бағытындағы іс-әрекеттер атқарылады. Осы орайда жұмыссыз ретінде тіркелгендерден басқа азаматтар да назарда болады.

Еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, кәсіби бағдарлаудың мақсаты қайта қарастырылды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұмысшы, ауыл, шығармашыл және тағы басқа санаттағы жастардың азаматтық бастамалары ынталандырылып отырады.

Біздің меже – жастар саясаты саласындағы өзекті мәселелерді шешудің тетіктері мен тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру. Жастарға қолдау көрсету – еліміздің одан әрі ілгерілеуіне салынатын ұзақмерзімді инвестиция. Себебі, жас ұрпақ жаңашыл идеяларды енгізіп, өзінің ертеңімен бірге ел болашағын құруы тиіс.

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ,

Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері

жөніндегі басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button