Бас тақырыпБасты тақырып

«ӘЛІППЕ» қарсы алады әр баланы

Сүйінші! Қазақтың көп тілегінің бірі орындалды. Бұйыртса, келер жылдан бастап ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалған төл «Әліппемен» қатар «Ана тілін» оқимыз. Білім және ғылым министрінің балаларға жасаған бұл базарлығына ата-ана мен ұстаздар дән риза. Ал, оқырман қауым елді сауатсыз санап, «Сауат ашуды» ұсынып, дұрыс оқыту жолын түсіндірмей кеткендерге өкпелі. Олар сол бір білім саласындағы өрескел қатенің орны толып, «Әліппенің» қайта оралғанын тарихта қалатын жаңалыққа теңеп отыр.

Шындыққа тура қарар болсақ, «Әліппені» үлкен де, кіші де қастерлейді. Білімнің асыл қазынасына алғаш жол ашатын оқу құралы ретінде. Сондығымен-ақ ол тәжірибеге сұранып тұрған кітап емес еді. «Бар кітапқа бас болған Әліппемін» деген атауының өзі көп дүниені аңғартса керек. Бірақ, 1912 жылы Аxмет Байтұрсыновтың бастамасымен баспадан жарық көріп, ғасырдан астам уақыттан бері талай ұлыларды оқытып шығарған «Әліппе» 2015 жылы қоғамнан ысырылды. Осыдан төрт жыл бұрын алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер «Әліппенің» орнына  «Сауат ашуды» оқуды бастады. Олардың обалы кімге

Жалпы, министр Асхат Аймағамбетов мектеп бағдарламасынан алынып тасталған Әліппенің  2021 жылы қайта енгізілетінін өткен жылғы тамыз мәслихатында айтқан болатын. Баспалардың басты ауыртқан ұсыныстарынан жауыр болған министр, сол кездің өзінде «Әліппеге» қатысты сұрақтың нүктесін қойған.

«Бір баспа 11 дауыссыз, 11 дауысты дыбыс бар әліппені әкеледі. Енді бір баспа 4 дауыссыз, 4 дауысты дыбыс бар әліппені ұсынады. Неге олай екенін сұрағанда ешкім нақты жауап бере алмайды. «Әліппе» эксперимент жасайтын нәрсе емес. Нақты қазақ тіліне бейімделген әдістеме бар. Сондықтан ештеңені ойдан шығармай осы әдістеме негізінде жұмыс жүргіземіз» деген болатын. Министрдің мәселені жеке бақылауына алып, сөзінде тұрғаны ата-аналар мен ұстаздар тарапынан қолдауға ие болды. Әлеуметтік желідегі пікір – орасан.  «Ұлы Ахаңның баланың білімін Әліппеден бастауында үлкен дәстүрлік мән бар. Білім және ғылым саласы оң өзгерістерге бет алды. Білім саласындағы жаңалықтарға ризамыз» деген пікірге толды министрдің жеке парақшасы. Тіптен, зейнет жасындағы желі қолданушыларының бірі «Әліппе бізге көп нәрсені үйретті. «Әліппемен қоштасу» біз үшін мереке еді… «Әліппемен» қоштасқан соң, оқи алмау бізге ұят, сын еді…» деп жазады.

Естеріңізге сала кетейік, «Әліппеден» алғаш әріп таныған оқушылар қазақ зиялылары болатын. «Әліппенің» өзі «Әліп» әрпінен (І) жалғыз сызық, яғни «Алла» сөзін білдіреді. Содан бері исі мұсылман, қазақ үшін «Әліппе» – қастерлі кітап. Енді әр қазақтың үйінде ғасыр биігіндегі Ахаңның «Әліппесі» тұрады.

Десек те, еліміздің білім саласында өзінің қайта жаңғыруын күтіп тұрған мәселе аз емес. Ұстаздардың: «Әліппенің» оралғаны керемет жаңалық. Енді оқушылардың күнделікті алатын бағасын қайтарсаңыздар. Өйткені, күнде баға алмаған баланың оқуға құлшынысы төмендейді» дегені бар. Бұйыртса, баға да жіті бақылауға алынар…

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button