Ресми

Облыстың нақтыланған бюджеті қабылданды

Бейсенбіде областық мәслихаттың кезектен тыс XLIII сессиясы онлайн режимде өтті. Онда депутаттық корпустың қарауына облыстың 2020 жылға арналған нақтыланған бюджетінің жобасы, облысты дамыту бағдарласындағы өзгеріс туралы ұсыныс пен жүзеге асыру көзделген мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестік жобасының тізбесі, облыс әкімдігі жанындағы комиссиялардың жеке құрамындағы өзгеріс ұсынылды. Сессияға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма, тексеру комиссиясы, құқық қорғау органы басшылары мен Қоғамдық кеңес өкілдері қатысты.

Бірінші мәселе бойынша сөз алған облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина 2020 жылғы облыстық бюджеттегі кіріс пен шығысқа қатысты өзгерістер туралы баяндады. «Облыстың 2020 жылға арналған нақтыланған бюджетінің жобасында кіріске қатысты салықтағы және басқа да түсім ескерілді. Шығысқа келетін болсақ, қалыптасқан үнемге (мемлекеттік сатып алу байқауының қортындысы, карантин енгізілуі) және игерілмеген бюджеттік қаржы (мердігердің жұмыс кестесінен кешігуі және басқалар) бойынша жекелеген облыстық бюджеттік бағдарламадағы бөлінген ақшаны азайту мен қаражатты қарастырылған бюджет аясында қайта бөлу ескерілді» деді ол.

Депутаттық корпус игерілмеген бюджеттік қаражатты облыс аумағындағы тұрғын үй мен білім беру нысандарының құрылысын аяқтауға қайта бөлу, қаржыны әлеуметтік сала нысандарына жұмсау, тұрақты ішкі әуе және автокөлік тасымалын субсидиялау, аймақта санитарлық-эпидемиологиялық шараларды жүзеге асыруға пайдалану жөніндегі ұсынысты қабылдады.

Сондай-ақ, қаржылық көрсеткіштердің өзгеруіне, статистикалық деректердің жаңаруына байланысты облысты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына өзгеріс енгізу туралы облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқановтың ұсынысы қолдау тапты.

Депутатар облыс әкімдігі жанындағы комиссиялардың жеке құрамындағы өзгерісті бекітті.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button