АймақБас тақырып

23 наурыз – Тазару күні

Иә, 23 наурызда Қазақстанда мерекелік «Наурызнама» онкүндігі тәмамдалады. Бұл күн «Тазару күні» деп жарияланып, ұлттық экологиялық қозғалысқа арналады. Ол – ата-баба дәстүрлерін табиғатты қорғаудың заманауи талаптарымен ұштастыратын ерекше күн.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Осы күні еліміздің барлық өңірінде тұрғындар сенбілікке шығып, аулалар мен саябақтарды, скверлерді қоқыстан тазартады, ағаш отырғызып, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіреді. Аймағымызда әлі қар жатқанына қарамастан, мерекелік іс-шаралар ауқымды өткендіктен, Тазару күні «Digital Nauryz-2026» шарасының қисынды жалғасына айналмақ. 21-22 наурыз күндері Орталық саябақта, «Достық үйі» алаңында және басқа да орындарда өткен жаппай мерекелік шаралардан кейін өңір тазалық эстафетасына кіріседі.

Қарағанды қаласында Жастар ресурстық орталығының еріктілері саябақтарда алдын ала тазалық жұмыстарын бастап кеткен. Әскери қызметшілер мен кәсіпорын қызметкерлері де жаппай түрлі бейсенбілік пен сенбіліктерге кірісіп те кеткен. Теміртау, Балқаш, Жезқазған қалалары мен аудандарда да көшет отырғызу және аумақтарды тазарту бойынша жергілікті ілкімді іс-шаралар көзделді.

Еске сала кетейік, облыста өткен «Наурызнама» онкүндігі аясында мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, Ұлттық киім күні, спорттық турнирлер, жасанды интеллект элементтері бар цифрлық фестивальдер өткізілді. Ал, қорытынды есебіндегі «Тазару күні» жаңару мен бірліктің мерекесіне символдық нүкте қояды.

«Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі». Ардақты оқырман! 23 наурызда Тазалық күнінде Сіз де бейқам қалмаңыз! Таза жерге құт қонар. Өркенді өңірімізді бірге тазартып, көркейтуге үлес қосайық!

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button