Наурызбай ЕСЕЙҰЛЫ: «Әл-Фараби бейнесін ашуға барынша күш саламын»
23-24 қазан күндері С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына арналған «Ғұлама ғұмыр» атты драманың премьерасы болады. Маңызы терең қойылымның алдында, көрермен қапы қалмасын деген ниетпен спектакльде басты рөлді сомдайтын талантты актер Наурызбай ЕСЕЙҰЛЫН әңгімеге тарттық. Театрға бармайтын жас буынды жас актердің түйдек-түйдек ойлары қамшылай түссін деген ниет – бұл…
– Наурызбай ЕСЕЙҰЛЫ, жуырда Жезқазғанда өткен меценат Бекзат Қомарұлы тағайындаған «Тұлға» сыйлығының арнайы номинациясына ие болдыңыз? Ол қандай аталым? Қай рөліңіз үшін берді? Қандай әсердесіз? Жалпы, қай актерді үлгі тұтасыз?
– Алаштың арда азаматы, меценат Бекзат Алтынбеков тағайындаған «Тұлға» сыйлығы аясында мен Қайрат Кемалов атындағы сыйлықты иелендім. Жас болсам да еңбегімді елеп-ескеріп, бағалап осындай құрметке бөледі. Өте ризамын, бұл мен үшін үлкен ынталандыру болды. Сыйлық берерде өмірде һәм өнерде Қайрат Кемалов ағамды үлгі тұтатынымды білген-ау шамасы…
– Иә, естіп біз де қуандық. Ал, жалпы қазіргі театр актерлеріне көңіліңіз тола ма? Актер қандай болуы керек? Қандай кітап оқисыз?
– Аға буынның жөні бөлек. Оларға баға беретін деңгейге жеткен жоқпын әлі. Жалпы, театрдағы өз қатарластарыма толық көңілім толады дей алмаймын. Өзіме де көңілім толмайды, үнемі ізденіс үстіндемін. Негізі, «актер сегіз қырлы, бір сырлы» болуы керек. Қазір Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн» туындысын оқып жатырмын.
– Әл-Фараби сынды тұлғаның рөлін сомдау, жауапты қойылымда басты рөлде ойнау қиын емес пе?
– Өте қиын, әрине. Бірақ, берілмейтініме сенімдімін. «Нар тәуекел ердің ісі» демекші, режиссер сенім артып, осы рөлді маған берді. Жауапкершілікті сезініп отырмын. Үдесінен шығуға бар күшімді саламын.
– Тарихи тұлғаның әрі осындай басты рөлді осыған дейін неше рет ойнадыңыз?
– Бұған дейін басты рөлде бірнеше рет ойнап үлгердім. Атап айтсам, Абылай хан, қаз дауысты Қазыбек би, Сәкен Сейфуллин сынды бірегей ұлт перзенттерінің рөлі. Ал, алдағы премьера да өте жауапты. Сондықтан, дайындық қызу жүруде.
– Осыған дейін әл-Фарабидың шығармашылығынан хабарыңыз бар ма еді?
– Шынымды айтсам онша таныс емес едім. Тек, ғалым, философ деп ойлағанмын. Сөйтсем, адамзатты өзгеше ойлауға жетелеген, орта ғасырларда мәдениеті құлдыраған Еуропаның жаңаша дамуына жол ашып, онысы әлемдік тарихқа «мұсылман ренессансы» деген атпен енген, ғылымның түрлі саласында мол мұра қалдырған ұлы ағартушы тұлға екен. «Әлемнің екінші ұстазы» десе дегендей-ақ екен.
– Бұл қойылым арқылы Фараби бабамыздың қай қырына көбірек мән бересіздер? Авторы кім? Режиссер ше? Актерлер құрамына тоқталсаңыз?
– Бұл премьерада әл-Фарабидың ғылымның шыңына қалай шыққандығы және сол жолдағы еңсерген қиындықтарын көрерменге ұсынамыз. Авторы – Жолтай Әлмашұлы, қоюшы-режиссер – Қуандық Қасымов. 1 актілі қойылым, ұзақтығы – 80 минут. Мұнда көп кейіпкер болмаса да өте тартымды қойылым болары анық. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақтың Керей ханы» атанған Қайрат Кемалов ағам бастаған актерлер құрамы көрерменге жоғары деңгейдегі рухани ләззат сыйлаймыз деп ойлаймын. Қайрат ағам – арғы тегі Қыпшақ жұртынан шығып, тағдыр жазуымен Сирия жеріне келген, Алеппо билеушісі Сейд Ад-Дуаль Хамданидің рөлін сомдайды.
– Қайрат ағаның ойнағанын көргісі келетіндер баршылық қой. Сіз, басты рөлге қалай таңдалдыңыз, жалпы қандай талаптар арқылы іріктейді?
– Бастысы, қабілетіңізге қарайды. Сосын фактураға мән береді, сөйлеу мәнері нақты, түсінікті, дауыс ырғағы ашық болуы керек. Өйткені, театр – кино емес, дауыс жазатын. Мұнда бәрі жанды. Сондықтан, басты рөлдегі актер көрермен алдын ала елестеткендей, ашық-жарқын дауысты, жан-жағынан үйлесімді болуы тиіс.
– Жақсы. Енді талғампаз көрерменнің ішкі дайындығы деген дүние бар. Олар қойылымға келерде Фараби шығармаларының қай қырына үңіліп, дайындалып келгені жөн?
– Ұлы ойшылдың Фараб қаласынан білім-ғылым іздеп Бұхараға келуі, одан әрі Бағдат, Шам шахарына қалай барғаны, онда уақытын қалай өткізгені жөнінде алдын ала біліп келсе, премьераның негізгі идеясын түсінуге көмегі тиеді деп ойлаймын. Бірақ, Фараби әлемдік деңгейдегі асқақ тұлға екенін сезіну ауадай қажет.
– Жалпы премьераның құрылымына тоқталсаңыз, режиссер қандай тәсілді таңдап отыр? Фараби тұлғасын түсінікті тілмен жеткізу ме, әлде астарлап беру ме?
– Негізінен Фарабидің еңбектерін түсіну өте қиын. Оның кей сөздерінің мән-мағынасын ғалымдардың өзі толық ашып бере алмайды. Өйткені, ол, түпсіз терең мұхит. Оған сүңгіп, маржан теру оңай емес. Ол үшін әлемнің Аристотель, Платон, Евклид сынды ойшылдарының еңбегінен аз да болса хабары болуы керек. Ал, Фараби – осындай ұлы ойшылдарды бойына сіңіріп, түркілік таныммен араб тілінде түсіндірмесін жазған тұлға. Режиссердің басшылығымен, қойылымда оның бейнесін түсінікті тілмен ашуға, кең көлемде бейнелеуге барынша күш саламын. Ғұламаны жөнді танымайтын адамның өзі театрдан біраз мәлімет алып қайтуы – маңызды.
– Көрерменге айтар тілегіңіз?
– Патша көңілді ардақты көрермен! Алтын уақытыңызды қиып, тамашалаған әр спектакльден алған әсеріңізді сана түбіне терең бойлатып, ой сүзгісінен өткізіп, жаныңыздың қатпарларына сіңіруіңізді сұраймын! Өйткені, ол өміріңізге рухани азық болады. Премьерада күтеміз.
– Уақыт бөліп, ашыла әңгіме айтқаныңызға рахмет! Сәттілік жар болғай!
Сұқбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.