Бас тақырыпОблыс әкімі

Өзекті мәселелер – билік назарында

Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен аппарат жиыны өтті. Онда бірқатар мәселелер көтерілді. Жиын басында аймақ басшысы өңірдегі кадрлық өзгерістер туралы мәлімдеді.

Бұған дейін Астанада Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің қолданушылармен жұмыс басқармасын басқарған Болат Рахымбеков Қарағанды мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып тағайындалды.

Жиын барысында бес әлеуметтік реформаның іске асуы және облыстағы азық-түлік бағалары мен жекеменшік мемлекеттік әріптестік бойынша жобалардың орындалуы қаралды

Бүгінде облыстың барлық 18 аймағы бюджеттің кіріс бөлігін толықтай орындап шығады деп күтілуде. Өндіріс саласында да өрлеу бар. Қаңтар-қыркүйек айларында өндіріс көлемі 1930,6 млрд. теңгеге жеткен. Өндіріс өнімінің индексі – 103,1% құраған. Өңдеу өндірісінде – 1531,0 млрд. теңге көлемінде өсім бар. Жалпы инвестициялар көлемі қаңтар-қыркүйек айлары кезеңінде 283 758,5 млн. теңгені құрап отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров мәлімдеді.

Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қоғамдық Облыс әкімдігінде көліктер қызметінің сапасына бақылау өткізіліп, қала ішінде жүретін маршруттардың жағдайы қаралған болатын. Тазалық, жүйелілік және сыпайы қызмет көрсету жағынан маршруттар ақсап тұрғандығын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов атап өтті. Бұған қатысты Ерлан Қошанов жолаушыларды тасымалдау сапасын қатаң қадағалауға алып, электрондық билет жүйесін енгізуді бақылауды жалғастыруды тапсырды.

Сонымен қатар, қол астындағы қызметкерлердің нақты әрекеттер жасап, қала тұрғындарын қорғау үшін тиісті шара қолданбай отырғандығына наразылығын білдірді. Тұрғындар шағымы әлі күнге дейін орындалмаған. Облыс әкімінің блогына жыл басынан бері Қарағанды қаласындағы Пришахтинск шағын ауданындағы Зелинский көшесіндегі ретсіз саудаға қатысты 17 шағым келіп түскен. Бұған қала әкімі Нұрлан Әубәкіров «сұрақ түсінікті» деп жауап қайырды

– Егер сұрақ түсінікті болса, тәртіпке келтіріңіздер, – деп талап етті Ерлан Қошанов. Осы сынды мәселе – қала орталығындағы дыбыстық жарнама болды. Тұрғындардың тыныштығын алған дыбыстық жарнамаларға бүгінгі күнге дейін шектеу қойылмай отыр. Бұған қала басшылығы құқықтық олқылықтарға қатысты абаттандыру ережелерін өзгерту қажеттігін тілге тиек етті. Бұл жағдайға қоғамдық денсаулық қорғау басқармасы сәйкесінше өлшемдер жасап, ықпал ете алады дегенді айтты. Мұндай жауап облыс әкімінің көңілінен шыққан жоқ.

– Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын сіздер бізге децибелдерді өлшейміз деп уәде берген болатынсыздар. Дыбыстық жарнама адамдарға кедергі жасап жатыр. Нәтижелі шаралар қолдануға болмас па еді? Ол небары 5-6 нүкте емес пе? Сіздер олардың иелерінің барлығын білесіздер. Шақырыңыздар, әңгімелесіңіздер, бұл мәселені соңына дейін шешіңіздер. Тіпті, болмаса, менің алдыма шақырыңдар. Жергілікті полиция қызметі де бұл мәселеге кірісуі керек, – деді Ерлан Қошанов.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы облыстағы жылыту маусымының жағдайын сұрады. Жауапты лардың айтуынша, қазіргі уақытта 6838 (100%) тұрғын үй және 1337 әлеуметтік нысан жылыту жүйесіне қосылған. Халықты көмірмен қамту бойынша әлеуметтік, мәдени, тұрғын үй нысандары көмірмен 100% (169 мың тонна) қамтамасыз етілген. Бүгінде жергілікті халыққа көмір сататын 38 сауда нүктесі бар көрінеді. Сауда нүктелерінде 42 мың тонна көмір қоры бар.

Аппарат жиынында облыс әкімі жеңілдікпен үй беру жайына жанжақты тоқталды. Баспанамен қамту – күн тәртібінен түспейтін басты мәселе екендігін алдыға тартты. «7-20-25» бағдарламасы аясында несиелеу бойынша барлығы 32 жоба іріктеліп, олардың жалпы ауданы 286,7 мың шаршы метрді құрап отырғандығынан құлағдар болды. Биылғы жылы 16 жоба іске асырылып, 325 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Олардың тең жартысы қазіргі уақытта пайдалануға беріліп, аталған бағдарлама бойынша рәсімделіп жатыр. Студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Осы жылы жатақхана бойынша 950 студент өтініш білдірген. Бұл мәселе жалға алу, қолда бар нысандарды қалыпқа келтіру есебінен колледждердің 550 студенті жатақханамен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін тағы 300 адам Балқаш медициналық колледжі жатақханасының жөндеуден өтуіне байланысты жатын орындармен қамтамасыз етілетін болады. Келесі жылы Қарқаралыда 100 жатын орны бар жатақхана салынбақшы. Сайып келгенде, мұның бәрі де жастардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы қалай жүзеге асырылып жатқаны талқыланды. Кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық жарияланды – облыста несие алуды жеңілдететін шағын несиелік ұйым құрылды.

– 19 қазанда Қарағанды облысында «Atameken-Qaragandy» ЖШС шағын несиелеу ұйымы құрылды. Оның үйлестірушісі Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы (51%) және облыс әкімдігінен «Сарыарқа» ӘКК (49%) болады. Қазіргі таңда Ұлттық банкпен несиелеуге лицензия алу мәселесі талқыланып жатыр. Жалпы алғанда ол кәсіпкерлерге шағын несие алуды қолжетімді етуге септігін тигізеді, – деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева

Бірінші кезекте қолдау шағын қалалар мен шалғайдағы аудандардың кәсіпкерлеріне көрсетіледі. Шағын несиелік ұйымды тіркеу шамамен бір апта уақытты қажет етеді. Бұған қоса облыс әкімі банктермен және аграрлық несиелік корпорациямен шағын несиелеуге қатысты жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. 2018 жылы Қарағанды облысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Қазір екінші деңгейлі банктерде 78 жобадан құралған портфель бар. 16 несие берілмекші. Және 9 жоба құпталып, 53 жоба қарастырылуда.

Сонымен қоса, жиын барысында азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығы, облыста өтетін мәдени шаралар да сөз болды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button