АймақКоронавирусШахтинск

Барлық жағдай бақылауда

19 қазаннан індет таралуының алдын алу мақсатында аймақта санитарлық бекеттер орнатылып, талап күшейтілді. Облыс аумағындағы барлық медициналық мекемелер жүйелі жұмыс істеуде. Атап айтсақ, Шахтинск қаласының орталық ауруханасы да тәртіпті күшейтіп, жұмыла түскен.

Шахтинск қаласының орталық ауруханасының басшылығымен 2020 жылдың 25 ақпанынан бастап, «Жартас» санаториясы базасында госпиталь ашылса, 1 сәуірден пульмонологиялық бағыттағы провизорлық стационар жұмыс істеуде. Ал, 29 шілдеден бері қалалық ауруханада коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеуге жатқызу үшін 80 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 15 төсектік реанимация және жедел терапия бөлімшесі бар. Аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде Шахтинск аумағының, сондай-ақ Саран, Абай қалаларының және басқа да елдімекендердің тұрғындары ем алуда.

– Бүгінде Шахтинск қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесі 80 оттегі концентраторы және 10 өкпені жасанды желдету аппаратымен жабдықталған. Сондай-ақ, сандық рентген аппараты сатып алынды. Сонымен қатар, 90 дана пульсоксиметр (тамыр соғысын өлшеуге және сатурацияға арналған), 13 қашықтан дене қызуын өлшейтін термометр бар. Індет өрши түссе, бар күшімізді салып, аумақ тұрғындарына уақытылы, сапалы медициналық көмек беруге дайынбыз, – деді аурухана директоры Марат Байманов.

Ал, аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, антисептикалық және дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз ету нормаға сәйкес, толық көлемде жүргізіліп келеді. Жұқпалы аурулар бөлімшесі үшін қажетті препараттар, сондай-ақ жеке қорғану құралдары (індетке қарсы костюм, қолғап, бетперде) қоры жеткілікті.

Қалалық орталық аурухананың медицина қызметкерлері індеттің болуы ықтимал екінші толқынына сақадай сай, кез келген жағдайға тастүйін бекініп отыр. 

Жәлел ШАЛҚАР.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button