Әріптестік ауқымы кеңейді
Жақында ZOOM шеңберінде облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің дене шынықтыру және спорт факультетінің ұйымдастыруымен өңірде балалар мен жасөспірімдер арасындағы бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланды.

Балалар мен жасөспірімдердің бұқаралық спортқа қызығушылығын арттырып, халықтың түрлі топтары арасында дене шынықтыруды дамыта отырып, салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері сөз болды. Әлия Молдағұлова атындағы облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектепинтернат-колледжі, жеңіл атлетикадан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі, Қарағанды және Саран қалаларының колледж оқытушылары, Қарағанды және Балқаш қалаларының №16, 23, 66, 39, 57 жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері, дене шынықтыру саласындағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері, спорт саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.
Сөз алған Е.Бөкетов атындағы ҚарУдың ғылым және технологиялар саласындағы инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Еркебұлан Тәжбаев құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын тілге тиек етті. Осы орайда Жолдау аясында өткізілетін дөңгелек үстел дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамытудың өңірлік бағдарламаларын іске асырудың тиімділігін арттыра отырып, дене тәрбиесінің ұлттық жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын әзірлеуді жандандыруға арналғанын атап өтті.
Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының дене шынықтыру-бұқаралық жұмыс бөлімінің бастығы Н.Әшірбек соңғы жылдары дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылардың саны айтарлықтай артқанын атап өтті. Сонымен қатар, оқу орындары мен дене шынықтыру және спорт басқармасы арасындағы белсенді өзара ісқимылдың маңыздылығына база назар аударды. Тұрғылықты жері бойынша дене шынықтыру-спорт клубтарының қызметін ұйымдастыру, мектеп спортын, әлеуметтік аула спортын дамыту, бұқаралық спортты дамытудағы әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелеріне көңіл бөлді.
Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің басшысы Ерден Халилин спорттық дайындық саласында білікті мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталды. Жеңіл атлетикадан олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің басшысы Н.Түсіпов мектеп пен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті арасында дене шынықтыру және спорт мамандарын даярлау бойынша білім беру бағдарламасын әзірлеу туралы ұсыныс білдірді.
Нұрбек САБАНБАЕВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті дене мәдениеті ілімі мен әдістемесі және спорттық дайындық кафедрасының аға оқытушысы.



